Өткен жылы өңірде 20-дан астам мемлекеттік қызметкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған болатын
Шығыс Қазақстан облысында Тарбағатай, Самар, Шемонаиха аудандарының мемлекеттік қызметшілеріне қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылған.
2023 жылдың басынан бастап ӘҚБтК-нің 680-бабы бойынша аудандар әкімдіктері дербес бөлімдерінің 4 басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы – 1 035 000 теңге, - деп хабарлады ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі.
Айта кетсек, өткен жылы өңірде 20-дан астам мемлекеттік қызметкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған болатын. Оның 14-і кәсіпкерлік қызметпен заңсыз айналысқаны үшін жазаланған. Жалпы, олардан 6 млн теңгеден астам қаражат өндірілді.
Сондай-ақ үш мемлекеттік қызметкерге қатысты ӘҚБтК-нің 676-бабы бойынша («Жеке тұлғалардың заңсыз материалдық сыйақы беруі») әкімшілік хаттама толтырылды. Мемлекет кірісіне 918 900 теңге өндірілді.
ШҚО қалалары мен аудандары білім бөлімдерінің тағы 6 басшысына ӘҚБтК-нің 680-бабы бойынша («Іс жүзінде активтер мен міндеттемелер туралы декларациясыз адамды лауазымға тағайындау») айыппұл салынды. Өткен жылы айыппұлдардың жалпы сомасы 7,84 млн теңге болды.