Жоғалған күйеуін өлтірді деген күдікпен әйел ұсталды

Динара Амантай

Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды

Фото: polisia.kz

Жоғалған күйеуін өлтірді деген күдікпен әйел ұсталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, бүгін Түркістан облысы Сарыағаш ауданы ПБ-ға жергілікті тұрғыннан екі күн бұрын 38 жастағы інісі жоғалып кеткені туралы хабарлама келіп түскен. Аудандық полиция бөлімінің барлық жеке құрамы жоғалған тұрғынды іздеуге жұмылдырылды.

Жедел-іздестіру шараларын жүргізген полицейлер отбасылық жанжалдан кейін күйеуін өлтірді деген күдікпен ауданның тұрғынын анықтап, ұстады. Заттай дәлелдемелер тәркіленді. Күдікті әйел уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қайғылы жағдай орын алған отбасы ішкі істер органдарында есепте тұрмаған және отбасылық жанжал бойынша бұрын полицияға жүгінбеген, – деді Түркістан облысының полиция департаменті бастығының орынбасары Асылжан Қалдарбеков.

Қазір ҚР ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігімен «Кісі өлтіру» сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, болған оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр.