Halyq Uni логотип
×

Алматыда Александр Невскийге ескерткіш орнатыла ма?

Ресейдің саяси қайраткері, қолбасшысы, князінің ескерткіші Қазақстанға қаншалықты қажет?

 Айнұр Шошаева 06.05.2022 | 10:30
Алматыда Александр Невскийге ескерткіш орнатыла ма?
коллаж: Halyq Uni

Кешеден бері Қазақстанның желі қолданушылары «Алматыда Александр Невскийге ескерткіш орнатылады екен» деген ақпаратты талқылап жатыр. Алматы әкімдігі жанындағы ескерткіштер мен монументтер жөніндегі комиссия мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі Сайран Фазыловтың айтуынша, бұл мәлімет жалған, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

Еске салcақ, 4 мамырда Қазақстанның митрополиттік аймағының ресми сайтында Алматыда Александр Невский ескерткіші қойылатыны туралы дерек жарияланды. Онда Астана және Қазақстан митрополиті Александрдың кеше Мәскеуге барып ресейлік мүсінші Салават Щербаковпен кездескені жайлы жазылған. Сондай-ақ  митрополит мүсінші шеберханасына арнайы барып, жасалып жатқан мүсінді көзбен көрген. Бұған қоса аталған ескерткіш Алматыдағы Жансүгіров даңғылы бойындағы Александр Невский шіркеуі аумағына қойылатыны айтылған. 

Фазылов осы ескерткіш жайлы толығырақ әңгімелеп берді. 

«2021 жылы ескерткіштер мен монументтер жөніндегі комиссия болып мүсінші орындаған эскиздік жобаны қарауға бардық. Жоба комиссия мүшелерінің ешқайсысына ұнамады. Жалпы, комиссия рұқсатынсыз ескерткіштерді заңсыз түрде орнатуға болмайды. Сондықтан біз мұндай ескерткішке қарсымыз. Комиссия шешіміне немқұрайлы қарауға және осындай әрекетпен кемсітуге болмайды», - деді ол Halyq Uni тілшісіне. 

Бұған қоса архитектор шіркеудің қауіпті аймақта тұрғанына назар аударды. 

«Кез келген ескерткіш пен мүсінді орнатпас бұрын ескерткіштер жөніндегі комиссия рұқсатын алу керек. Шіркеу Қапшағайға баратын жол бойындағы өзен жанында салынған. Яғни, су қорғау белдеуінде тұр. Алматыда сел жүріп тұратынын білесіздер. Ондай сел қаупі бар аймаққа ескерткіш орнатуға болмайды. Жоба эскизімен танысқан кезде оны айттық. Ескерткішті шұңқырға қоймақ болып отыр. Сәтсіз, сауатсыз жасалған жоба. Комиссия оған рұқсат бермеді. Бұл тақырыптың қазір қайтадан неге қозғалып жатқанын білмеймін», - деп қосты маман. 

Сайран Фазылов Қазақстанда мемлекет пен дін бөлек құрылым екенін еске салды. 

«Діннің мемлекетке қатысы жоқ. Екеуі екі бөлек құрылым. Александр Невскийдің дінге қандай қатысы бар? Дін бөлек нәрсе, Невский бөлек адам. Өткен жылы барғанда бізді қарсы алған шіркеу қызметкеріне түсіндірдік. Басын төмен түсіріп кеткен болатын. Кімнің бастамасы екенін білмеймін. Ескерткіш халық үшін орнатылады. Халық өнер туындысын көріп, бағалауы керек. Ал шіркеу жанында қоладан ескерткіш қою ақылға сыймайды», - деп толықтырды комиссия мүшесі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама