Алматы облысында найзағай соққан бала аман қалды

Еркеғали Болатұлы

Арқа, бел аймағы және сол аяғының төменгі бөлігін термиялық күйік шалған

фото: ашық дереккөз

Алматы облысында 11 жастағы баланы найзағай соқты. Салдарынан оның арқасы, белі және сол аяғының төменгі бөлігі қатты күйіп қалған. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Қарасай ауданында тұратын жәбірленуші Алматы қалалық балалар клиникалық ауруханасына 31 шілдеде түскен. Сол жерде оған шұғыл көмек көрсетілді.

Науқасқа арқа, бел аймағы және сол аяғының төменгі бөлігін термиялық күйік шалған деген диагноз қойылды. Қазір бала жарақат бөлімінде емделіп жатыр. Жағдайы орташа ауыр деп бағаланған, - деді аурухана директорының орынбасары Асқар Қалиев.

Дәрігерлер шілде-тамыз айларында найзағай соғу жағдайлары көбейетінін ескертіп, ата-аналарды балаларына сақ болуға шақырды.