Ақмола облысында 5 жасар бала екінші қабаттың терезесінен құлап кетті

Динара Амантай

Зардап шеккен баланың ата-анасымен полицейлер профилактикалық әңгіме жүргізді

Фото: Halyq Uni

Ақмола облысында 5 жасар бала екінші қабаттың терезесінен құлады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, қайғылы оқиға өңірдегі ауылдардың бірінің жеке үйінде болған. 9 тамызда Аршалы ауданының полиция бөліміне ауылдық округ фельдшерінен ЖБМЖ, МШ, кеуде қуысының жарасы, сол жақтағы жіліншіктің жабық сынуы диагнозымен 5 жастағы баланың дәрігерлік амбулаторияға жеткізілгені туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері 5 жасар баланың үйде әкесімен бірге болғанын және қайғылы оқиғаға дейін киім ауыстыру үшін үйдің 2-қабатына көтерілгенін анықтады. Өз бөлмесіне барған бала терезеден қараймын деп абайсызда құлап кеткен.

Балалардың терезеден құлап кетуіне байланысты жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін жеке үйлерде полиция қызметкерлері жас балаларды терезелері ашық бөлмелерде қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Зардап шеккен баланың ата-анасымен полицейлер профилактикалық әңгіме жүргізді.