Мемлекет басшысы Ақпарат және қоғамдық даму министрін қабылдады
Дархан Қыдырәлі жастар және отбасы саясатын жүзеге асырудағы жұмыстар туралы ақпарат берді
Президент Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәліні қабылдады, деп хабарлады Ақорда.
Дархан Қыдырәлі министрліктің ақпарат, қоғамдық даму, дін және этносаралық қатынастар, азаматтық сектор, сондай-ақ жастар және отбасы саясатын жүзеге асыру бағытында атқарып жатқан жұмыстары жөнінде баяндады.
Министрлік өз жұмысында отандық телесериалдар өндірісі көлемін ұлғайтып, оларды шетелге таратуға, медиа сауаттылықты арттыруға, сондай-ақ азаматтық қоғаммен өзара қарым-қатынасты жандандыруға айрықша мән беріп отырғанын жеткізді, - делінген ақпаратта.
Мемлекет басшысы министрлік азаматтық қоғам институттарымен барлық деңгейдегі байланысты күшейтіп, әр саладағы өзекті мәселелерді қоғаммен кең көлемде талқылауға ашық болуы қажет екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Дархан Қыдырәліге жастар саясатына қатысты бағдарламаларды тиімді жүзеге асыруды, діни бірлестіктер мен этносаралық қарым-қатынас бағытын айрықша назарда ұстауды тапсырды.