Ол шілде айында Байзақ ауданындағы кірпіш зауытына жұмысқа орналасқан
Желіде Өзбекстан азаматының басынан жарақат алған видеосы тарады. Айтуынша, өзін әлдебіреулер Жамбыл облысындағы кірпіш зауытында ұрып-соғып, құлдықта ұстаған.
Видеоны Мирболат Мырзатайұлы атты желі қолданушы өзінің Facebook-тегі парақшасына салды.
Жамбыл облысы, Түймекент кенті, Сарыкемер ауылындағы кірпіш зауытында өзбектер құлдықта жүр, - деп жазған ол.
Видеодағы жігіт жараланған басын ұстап жылап, өзбекстандықтарды көмекке шақырып тұр. Осы оқиғадан соң Жамбыл облысының ПД басшылығы пікір білдірді. Айтуларынша, аталған Өзбекстан Республикасының азаматы анықталып, полиция бөліміне жеткізілген.
Ол осы жылдың шілде айында Байзақ ауданындағы кірпіш зауытына жұмысқа орналасқан. Тексеру барысында бетінде, денесінде ешбір жарақат белгілері табылған жоқ. Ер адамның айтуынша, ол биыл наурыз айында ішімдік ішу кезінде абайсызда жарақат алған және бейнежазбаны Өзбекстанда тұратын досына WhatsApp мессенджері арқылы жіберген, – делінген полиция хабарламасында.
Сондай-ақ полицейлер оған қатысты ұрып-соғу және еңбекке мәжбүрлеу дерегі анықталмағанын жеткізді. Полиция бөлімшесінде түсірген видеода өзбекстандық азамат өзінің сол кезде мас болғанын мойындады. Ал полицей сол жерде оған ешкімнің қысым көрсетпегенін растап сұрап алды.