Қаратау қаласында өз үйінің иті баланың бетін жұлмалап тастаған
Екі аяғында да сау жер қалмаған
Жамбыл облысының Қаратау қаласында ит талап тастаған баланың ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болды.
Облыстық ПД мәліметінше, Талас ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтаған.
Кәмелетке толмаған бала ауласындағы қорада шынжырланып тұрған иттің қасына барып, ойнамақ болған. Сол кезде ит оны талап тастаған, - дейді полицейлер.
Ауруханаға жеткізілгенде бала есінен танып жатқан. Ит оң жақ бетін жұлмалап тастаған. Екі аяғында да сау жер қалмаған.
Дәрігерлер бірден ота жасады. Алдымен бетін тігіп, кейін құтырмаға қарсы екпе де салынды. Қазір науқас жансақтау бөлімінен хирургия бөліміне ауыстырылды. Жағдайы жақсарып келеді.
Осы жағдайдан кейін баланың ата-анасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабы («Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу және оның құқығы мен мүддесін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау») бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Осындай құқықбұзушылық үшін 10 АЕК (34 500 теңге) мөлшерiнде айыппұл қарастырылған.