Еркіншілік ауылында 716 бас ірі қара мен 160 бас ұсақ малдың ауырғаны белгілі болды
Ауыл шаруашылығы министрлігі месенджерлерде тараған Ақмола облысының Еркеншілік, Новомарковка ауылдарынан сүт пен ет өнімдерін алмау туралы хабарлағама түсінік берді.
Еске сала кетейік, 3 мамырда Ерейментау ауданына қарасты Еркіншілік, Новомарковка ауылдарында мал ауруы тарағаны жайлы хабарлама шықты.
«Қайырлы күн, ауыл тұрғындары. Ескерту! Еркіншілік ауылында жұқпалы стоматиттің (аусыл) өршігені байқалады. Сондықтан кенттен мал әкетуге тыйым салынады және жануарларға арналған қораға кіруге болмайды. Өйткені вирустың адам немесе автомобиль көлігі арқылы тарауы әбден мүмкін, сақ болыңыздар», - делінген мәтінде.
Сондай-ақ желіде тараған тағы бір хабарламада аталған ауылдардан ет пен сүт өнімдерін алмауға кеңес берілген.
«Еркеншілік, Новомарковка және тағы бір ауылды аусыл анықталды. Үйде әзірленген май, сүзбе, қаймақ, айран, сүт пен сиыр етін сатып алмаңыздар. Еркіншілік карантинге жабылды. Мал өлімі күн сайын көбейіп келеді. Мал қыстан кейін арық еді, енді өліп жатыр», - делінген жазбада.
Ауыл шаруашылығы министрлігі осы мәселеге қатысты Halyq Uni редакциясына ақпарат берді. Ведомвство мәліметінше, Еркіншілік ауылында 8 394 бас ірі қала мал мен 11 213 бас ұсақ мал бар. Қазір ауылдағы 716 бас ірі қара мен 160 бас ұсақ малдың ауырғаны белгілі болды.
«Ерейментау ауданындағы ветеринар мамандар биологиялық материалдарды іріктеп алып, аусыл, инфекциялық ринотрахеит, блютанг ауруланрына тексеру үшін Ветеринария бойынша референттік орталығына жолдады. Қазір зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ветеринарлар ауру анықталған жануарларға симптоматикалық ем көрсетіп жатыр. Мал өлімі тіркелген жоқ», - деп хабарланды министрліктен.
Ведомствоның хабарлауынша, ауыл тұрғындары арасында мал ауруларын болдырмау және таратпау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нақты диагноз анықталған кезде қажетті эпизоотияға қарсы іс-шаралар жүргізілетін болады.
Аймақтың ветеринарлық қызметі эпизоотиялық жағдайды бақылауда ұстап отыр», - деп қосты баспасөз қызметіндегілер.
Айта кетейік, Еркіншілік ауылы аудан орталығы Ерейментау қаласынан 45 шақырым жерде орналасқан.