Ақмола облысында жанар-жағармай талондарын жымқырған әйел сотталды

Динара Амантай

Ол сыбайласымен бірге талондарды басқа адамдарға сатып жіберген

Фото: Жақсы аудандық сотының баспасөз қызметі

Ақмола облысында жанар-жағармай талондарын жымқырған әйел сотталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Жақсы аудандық сотының мәліметінше, әйел өзіне сеніп тапсырылған жанар-жағармай талондарын сыбайласымен бірге бірнеше ай бойы ұрлап отырған. Содан кейін олар талондарды басқа азаматтарға сатқан. Аталған әрекеттердің салдарынан жәбірленушіге 5,5 миллион теңгеге, яғни ірі мөлшерде материалдық залал келтірілді.

Соттың үкімімен әйелге ҚР ҚК-нің 189-бабы 3-бөлігі 1-тармағы бойынша 4 жылға бас бостандығын шектеу, ал оның сыбайласына жәрдемдескені үшін сол бап бойынша 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды, – делінген сот баспасөз қызметінің хабарламасында.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.