Министр «Ақжайық» стадионын тазалаған оқушыға сыйлық жіберді
Жас футболшылардың әрекеті басшыны сүйсінткен
Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов «Ақжайық» футбол клубының стадионын тазалаған оқушыға сыйлық жіберді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«Ақжайық» – «Жеңіс» матчынан кейін Әлихан достарымен бірге стадиондағы қоқысты тазалаған. Олардың бұл әрекетіне разы болған Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов оқушыларға арнайы алғыс хат жолдап, сыйлық жіберді.
Көпке үлгі болған Әлихан мен оның достарына жолданған министрдің сый-сыяпатын облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияров тарту етті.
Кездесуге стадионды тазалаған жас футболшылар мен олардың ата-аналары, «Жайық жастары» футбол командасының бапкерлері қатысты.
Жақында маған футболдан Катарда өткен әлем чемпионатынан доп жіберілген еді. Сенің лайықты әрекетіңе сүйсініп, сол допты өзіңе сыйламақшымын. Оған қоса, біршама кітап пен басқа да сыйлықтарды тарту етемін. Бұл сенің футболға деген қызығушылығыңды одан әрі арттырып, ынталандыра түседі деп сенемін, - деп жазылған министр жіберген хатта.