Дипломаттың әмиянын көршісі тауып алған
Астанада Хорватияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Рефик Шабанович ақшасын жоғалтып, келесі күні полицияның көмегімен тауып алды.
Елші әдеттегідей түнге қарай үйге жұмыстан келгенде көлігін автотұраққа қойып, машинадан әмиянын қолтығына қыстырып шығады. Содан кейін үйіне барып, таңертең әмиянын жоғалтып алғанын түсініп, өз бетінше ақшасын іздеп көреді. Автотұраққа барып, сол жерден іздейді. Сөйтіп, әмиянды бірнеше жерден іздеп, тауып алады. Бірақ онда ақша болмай шығады. Одан кейін елші ақшасын таппаған соң, полицияға хабарласып, көмек сұрайды.
Хорватияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Рефик Шабанович полицияға хабарласып, ақшасын жолғалтып алғанын айтты. Мұндай кезде тәртіп сақшылары Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 245-бабына сәйкес, біреудің ұмытып кеткен затын тауып алған азамат оны иесіне қайтару үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға міндетті. Әйтпесе, заттың иесі оны ұрлық жасады деп айыптауы мүмкін, – деді полиция қызметкерлері.
Осыдан кейін полицейлер дипломаттың арызы бойынша елшінің үйіне барып, бейнекамера арқылы әмиянды елшінің көршісі тапқанын анықтайды. Тәртіп сақшыларының айтуынша, елші түнгі уақытта көлігін тұраққа қойып, қолтығына әмиянын қыстырып, екі сөмкемен үйіне барған. Сол кезде жолда әмиянын жерге түсіріп алғанын байқамаған.
Полицейлер елшінің 52 жастағы көршісіне барғанда, ол тәртіп сақшыларын есік алдында күтіп алып, ақшаны бірден қайтарып берген. Елшінің көршісі түнде ақшаны тауып алғаннан кейін оны полицияға таңертең тапсырғысы келген екен. Ал елші ақшасын алғаннан кейін полицияға алғысын білдірді.
Полицейлер үлкен жұмыс істеді. Мен бұл ақшаны демалысыма жинаған болатынмын. Атқарған жұмыстарыңыз үшін рақмет! – деді Рефик Шабанович.
Ақшасын санап алғаннан кейін Хорватияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі мұндай оқиғаның алғаш рет болғанын, енді ақшасына ұқыпты болатынын айтты.