Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Зұлфұхар Гаиповпен сұхбат
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр 1 қыркүйектегі жолдауында орталық мекемелерді оңтайландыру арқылы жергілікті атқарушы органдардың өкілеттігін айтарлықтай кеңейту керек екенін айтқан еді. Себебі бұл тәсіл қордаланған мәселелерді өңірлерде, ел ішінде шешуге мүмкіндік береді. Сондықтан, жергілікті өзін-өзі басқару мәселелеріне, қоғамдық кеңестердің, пәтер иелері кооперативтері мен мүлік иелері бірлестіктерінің қызметін өзгертуге айрықша назар аудару мәселесін көтерген. Мұндай ұйым Астанада былтыр ғана құрылды. Оның құрамында кіл елге танымал тұлғалар топтасқан. Кеңестің қала тіршілігіне қаншалықты атсалысып жатқанын ұйым төрағасы, Ұлттық Құрылтай мүшесі, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының басқару институтының директоры Зұлфұхар Гаиповтан сұрадық.
Қоғамдық кеңес дегеніміз не? Ол қандай мәселелермен айналысады?
– Астана қаласының қоғамдық кеңесі өз қызметін 2022 жылғы 11 сәуірде бастады. Кеңестің барынша нақты және мақсатты қызметін орындау үшін 5 комиссия құрылды. Олардың әрқайсының өз жауапкершілік саласы бар:
Қоғамдық кеңестің сапалық құрамына келетін болсақ: білім беру ұйымдарынан – 5, коммерциялық ұйымдардан – 8, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер өкілдерінен – 18 адам бар. Осылайша, елордалық қоғамдық кеңестің 99%-ы толығымен жаңартылды. Олардың барлығы лайықты, беделді, Астананы былай қойғанда, елге танымал адамдар.
Астана қаласының Қоғамдық кеңесі азаматтық қоғамның маңызды мүдделерін сақтай отырып, елорданың әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері бойынша шешімдерді талқылауға және қабылдауға қатысады. Азаматтардың құқықтарына, бостандықтарына және мүдделеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің жобаларын неғұрлым мұқият зерделеу үшін, қажет болған жағдайда Қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен жұмыс топтары құрылады.
Жасыратыны жоқ, кейде мұндай үлкен мегаполисте азаматтар билік өкілдеріне тікелей шыға алмай жатады. Сондай жағдайда қоғамдық кеңеске жүгіне алады.
Сондай-ақ, азаматтар елорданың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты да өз пікірлерін айта алады. Жоғарыда айтқан 5 комиссия өз жоспарларына сәйкес халықпен кездесіп отырады.
– Қалалық басқармалар Кеңеске есеп береді. Ал Кеңес бюджетті жоспарлауға қатыса ма?
– Биыл 1 қаңтардан 27 маусымға дейін Қоғамдық кеңес 11 отырыс өткізіп, 40 мәселе қарады. Оның ішінде Астананың әлеуметтік-экономикалық дамуы саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын 36 нормативтік құқықтық акті, сондай-ақ, атқарушы органдардың есептері және басқа да мәселелер бар. Сонымен бірге, Қоғамдық кеңес мүшелері қала бюджеті мен оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелерін қызу талқылайды.
Мәселен, осы аралықта Астана қаласының 2022 жылғы бюджетінің атқарылуы туралы есеп тыңдалып, бюджет бойынша 2 жағдай нақтыланды. Әсіресе, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне жүйелік сипаттағы кейбір мәселелерге назар аудару керек деген ұсыныстар айтты.
Күн тәртібіндегі мәселелердің қай-қайсы да әрдайым «бұл қала тұрғындарына қалай әсер етеді» деген қағидамен қаралады. Мысалы, Қоғамдық кеңес мүшелері 9 мамыр – Жеңіс күніне орай Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, сондай-ақ, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне алғаш рет теңестірілген тыл қызметкерлеріне әлеуметтік көмек көрсету қағидаларын бекітті. Сондай-ақ, табиғи апат немесе өрт салдарынан зардап шеккен азаматтарға ақшалай әлеуметтік көмек мөлшерін бекіту туралы ұсыныстар қаралды.
– Қоғамдық кеңестің жұмысы мен мәслихаттың айырмашылығы неде?
– Біріншіден, қоғамдық кеңестер өз қызметін ҚР Қоғамдық кеңестер туралы Заңына сәйкес жүзеге асырады (1-тарау. Жалпы ережелер, 1-бап).
Екіншіден, оны мәслихат қалыптастырады.
Үшіншіден, Қоғамдық кеңестер қоғамдық негізде жұмыс істейді.
Төртіншіден, қоғамдық кеңестердің өкілеттік мерзімі – 3 жыл.
Мәслихаттардың қызметіне келетін болсақ, ол «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңмен реттеледі: мәслихаттарды тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің халқы жалпыға бірдей, тең, тікелей сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы 5 жыл мерзімге сайлайды әрі ол өкілді орган.
Бұл екі институт бір-бірін қайталайды деген пікір бар. Алайда, жоғарыда айтылғандай, формасы мен мазмұны бойынша олар мүлдем өзгеше.
– Соңғы жылдары қалада тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Соған байланысты инженерлік желілердің әлсіздігі, мектептер мен медициналық мекемелердің жетіспеушілігі жиі кездеседі. Қоғамдық кеңес бұл мәселелерді шешуге қалай ықпал ете алады?
– Бұл өте өзекті мәселе, өйткені ол әлеуметтік блокқа қатысты. Қоғамдық кеңес елорда бюджетін қалыптастыру кезінде осы мәселелерді мұқият қадағалап отырады.
Қаланың биылғы бюджеті 1 трлн 200 млрд теңге. Бұл елорда үшін өте жақсы көрсеткіш. Оның ішінде әлеуметтік саланың бюджеті жалпы бюджеттің шамамен 30%-ын құрайды. Қалаларды көбіне тірі организммен салыстыратыны белгілі. Тиісінше, кез-келген тірі организм сияқты, қалаларда да өсу динамикасы бар.
Астананың бас жоспарына сәйкес, 2030 жылға қарай қала халқы 1 миллион адамды құрауы керек еді. Бірақ қазірдің өзіне елордада 1 млн 350 мың адам тұрады. Өсу ішкі көші-қон мен демография арқылы жүреді. Әрине, бұл қаланың инфрақұрылымына үлкен жүк.
Айта кету керек, қала билігі бұл мәселені шешуге тырысып келеді. Біріншіден, белгіленген мерзімде тапсырылатын жаңа мектептердің құрылысы жүріп жатыр. Тек ағымдағы оқу жылында ғана қалада 4 жаңа мектеп және жұмыс істеп тұрған мектептерге 7 қосымша ғимарат пайдалануға беріледі. Тиісінше, бұл білім беру ұйымдарына жүктемені азайтады.
Екіншіден, қаланың білім басқармасы мектептердің бес жылға толуы туралы болжам жасайды, соған сәйкес жаңа мектептер құрылысы жүріп жатыр.
Сонымен қатар, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елордада 24 жайлы мектеп салынады. Сондықтан қала тұрғындары бұл мәселелердің шешілетініне сене берсе болады.
Оның үстіне, Қоғамдық кеңестің де үнемі бақылауында. Мысалы, жақында әлеуметтік блок жөніндегі комиссия жаңа мектептердің құрылысына көшпелі мониторинг жүргізді, соның қорытындысы бойынша комиссия құрылыс жұмыстарын жеделдету бойынша ұсыныстар берді.
Медициналық мекемелердің жұмысына келетін болсақ, қала дұрыс бағытта жүріп келеді. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы Қоғамдық Кеңеске есеп беріп отырады. Азаматтық қоғамның әлеуметтік саясат саласындағы мүдделерін қорғау жөніндегі комиссия жақында қаланың денсаулық сақтау нысандарының аралап шығып, оның қорытындысы бойынша уәкілетті органдарға ұсыныс бердік.
Сондай-ақ, сол жағалауда Ұлттық шұғыл медициналық көмек орталығы салынғанын атап өткен жөн. Жақын арада көпсалалы балалар ауруханасы мен бірнеше амбулаториялық медициналық мекеменің құрылысы жоспарланып отыр.
Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, әлеуметтік сипаттағы мәселелер елорданың қоғамдық кеңесінің тұрақты бақылауында екенін айтқым келеді.
– Астана қаласының бас жоспары бойынша да сұрақ көп. Өйткені құрылысқа байланысты су айдындары құрғап, тұрғындар саны артып келеді, үлкен кептелістер мен автобустар жетіспейді. Кеңес осындай жүйелік мәселелерді шешуге қатыса ма?
– Иә, әрине. Қазіргі мегаполистердегі үлкен кептелістер мен қоғамдық көліктердің жетіспеушілігі қалыпты жағдайға айналды. Сондықтан Астанадағы жағдай таң қаларлық дайт емес.
Жақында Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының есебін тыңдадық. Басқарманың деректеріне сәйкес қазір Астана қаласында 98 бағыт желісі бар (71-і қалалық, 27-і қала маңайы). Жұмыс күндеріндегі жалпы саны 905 кесте болса, автобустар саны – 1130.
Қоғамдық көліктің жұмысын жақсарту мақсатында қала биыл 400 жылжымалы құрам сатып алуды жоспарлап отыр. Бүгінгі таңда автобустардың бірінші партиясы келді. Бірақ жүргізуші тапшы.
Тиісінше, осы мәселе бойынша Қоғамдық кеңес әлеуметтік мәселелерді шешуде, атап айтқанда, тұрғын үймен қамтамасыз етуде көліктік қызмет көрсету саласының қызметкерлерін жетілдіру және оларға жәрдем көрсету жөніндегі шараларды өткізуге қатысты ұсыныстар берді.
Қоғамдық кеңес мүшелері жүргізген қоғамдық мониторинг жасап, салынып жатқан жол инфрақұрылымы объектілеріне барып отырады. Мәселен, бүгінде қаланың көше-жол желісінің жалпы ұзындығы 868,3 шақырым, көшелер саны 1129. Оның ішінде асфальтбетон жабынымен – 803,7 шақырым (90,7 %) және қатты жабыны жоқ бөлігі – 64,6 шақырым (9,3%). Одан бөлек, 60 инженерлік нысан, оның ішінде 8 көлік айрығы, 9 жол өтпесі, 24 автожол және 5 жаяу жүргіншілер көпірі, 4 жерүсті және 9 жерасты жаяу жүргіншілер өткелі бар.
Қаланың көше-жол желісін түсіру мақсатында қала әкімдігі 31 жобаны, оның ішінде Тәуелсіздік көпірін және Ш.Бейсекова мен Тілендиев даңғылдарының қиылысындағы екі деңгейлі көлік айрығын салып жатыр.
Сонымен қатар, осы саладағы орасан жұмысқа қарамастан, проблемалар да бар. Мәселен, жол төсемінің шамадан тыс жүктелуі, көлік кептелісі, нысандарды тапсыру мерзімдерінің сақталуын, жол төсемін салу және жөндеу кезінде орындалатын жұмыстардың сапасын бақылаудың болмауы, желілер мен коммуникацияларды жөндеуден кейін қалпына келтіру жұмыстарының сапасыз жүргізілуі, жолдардың көптеген бөліктерінде нөсерлі кәріз жүйесінің болмауы дегендей.
Сонымен қатар, қалада, әсіресе аула ішіндегі аумақта автокөлік тұрағы қиын болып отыр. Қолданыстағы тұрақ орындары толық көлемде пайдаланылмайды.
Осы бағыттағы жұмысты жақсарту үшін қоғамдық кеңес Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасына және «Астана тұрақ кеңістігі» ЖШС-ға мынадай ұсыныстар берілді:
Тиісінше, бұл мәселе Қоғамдық кеңестің тұрақты бақылауында.
Жоғарыда айтылғандардың бәрін қорытындылай келе, елорданың қоғамдық кеңесі жоғарыда аталған бағыттарда тұрақты жұмыс жүргізіп жатқанын және билік пен азаматтық қоғам арасындағы байланыстырушы буын екенін, қоғам мен билік арасындағы тиімді және сындарлы диалогты қалыптастыру үшін және елордамыздың өмірінің көптеген саласындағы проблемаларын шешу үшін бірлескен шаралар атқаруда барлық күш-жігерін жұмсайтынын атап өткім келеді.