Танымал қазақстандық дәрігер Украинада тегін медициналық көмек көрсетпек

Халық үні

Ол Америкадан келген төрт дәрігер және психологтармен бірігіп, Украина шекарасынан өтетінін айтты

Дмитрий Киреев, фото: instagram

Алматылық педиатр Дмитрий Киреев әріптестерімен бірге зардап шеккен халыққа тегін медициналық әрі психологиялық көмек көрсету үшін Украинаға барды. Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады.

Жолда ол Америкадан келген төрт дәрігер және психологтармен бірігіп, Украина шекарасынан өтетінін айтты.

Барынша пайдалы болуға тырысып, жергілікті халықпен қазақстандықтардың жылуымен бөлісеміз. Иә, біз Донбаста болдық, егер шақырса, тағы да барамыз, – деп жазды дәрігер.

Педиатр Украинаның қиындыққа тап болған халқына 75 кг дәрі-дәрмек жеткізетінін мәлімдеді. Бұған қоса ол жақта жанар-жағармай тапшы болғандықтан қазақстандық дәрігер бастаған топ мүшелері өздерімен бірге бір канистра дизель отынын алып бара жатқаны белгілі болды. Оларға Украина шекарасына дейін жетуге Мәскеу тұрғыны көмек көрсеткен.

Дмитрий Киреев – отбасылық дәрігер әрі педиатр, Америка отбасылық дәрігерлер қауымдастығының (AAFP) мүшесі. Алматы қаласындағы Отбасылық клиниканың бас дәрігері болып қызмет атқарады. Сонымен бірге Киреев – 130 мыңнан астам жазылушысы бар дәлелді медицина туралы Insta блогының авторы. Әлеуметтік желідегі парақшасында ол, көбінесе, балаларда кездесетін түрлі ауруға қатысты пайдалы ақпаратпен бөлісіп отырады.

Динара АМАНТАЙ