×

Петропавлда жарты миллиард теңгеге жөнделген көпірден тағы да ақау шықты

Өткелдің деформациялық тігістері жарылып кеткен

 Самат Жақып 05.05.2022 | 15:02
фотолар: Halyq Uni

Петропавлда Жұмысшы кенті ауданымен облыс орталығын байланыстыратын көпір үшінші мәрте жөндеуге жабылғалы жатыр. Былтыр күзде ғана жергілікті бюджеттен 21 миллион теңге қаржы бөлініп, өткел қалпына келтірілген еді. Алайда жарты жыл уақыт өтпей ол тағы сыр берді, деп хабаралайды Halyq Uni тілшісі.

Бұл көпір негізінен өткен ғасырдың 60-шы жылдары тұрғызылып, халық игілігіне берілген. 2014 жылы көпірге алғаш рет күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ол кезде ел қазынанасын бұл мақсатқа 570 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Ал 2019 жылы оның деформациялық тігісінде жарық пайда болған. Ол уақыт өткен сайын ол ұлғая түскен. Сәйкесінше жауаптылар 2020 жылы оған орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуді ойластырады. Алайда шаруалар тек былтыр күзде басталады.

«Осыдан 7-8 жыл бұрын бәрін бұзып, қайта жаңалаған еді. Бірақ қуанышымыз көпке созылмады. Осыдан екі жыл бұрын жарық пайда болып, ол үлкейіп кетті. Былтыр күзде мамандар келіп жөндегендей болды. Тіпті, қыста тігістеріне қиыршық тас төселді. Артынша картонмен жапты. Күн жылынған соң, шұңқырлар тіптен ұлғайып кетті. Сосын ол жерлерге сапасыз асфальт төседі. Қысқасы, ойына келгенін істеп кетті. Оны қадағалап жатқан ешкім жоқ. Қашанға дейін бұлай жалғаса беруі мүмкін. Атқарылған істі әкімдік қалай қабылдады екен? Айтарға сөзіміз жоқ», - дейді Петропавл қаласының тұрғыны Валерий Шубин.

ПЕТРОПАВЛДЫҢ ТЕМІРЖОЛ ВОКЗАЛЫ ӘЛІ КҮНГЕ ДЕЙІН РЕСЕЙГЕ ҚАРАЙДЫ

Аталған көпірдің үстімен күніне мыңдаған көлік, жүздеген жаяу адам өтеді. Өткелдің астында теміржол бар, онымен жүк пойыздары қатынайды. Қозғалыс бір уақытқа да тоқтамаған. Сондай-ақ, бұл жерде жоғары вольтты сымдар бар. Сондықтан теміржолдың айналасы адам өміріне қауіпті екенін айтпаса да түсінікті. Тіпті, өткелді айналып өткендерге талай мәрте айыппұл салынған. Жөндеу жұмыстарын бастау үшін ресейліктерден рұқсат сұрау қажет екен. Себебі Петропавлдағы теміржол вокзалы - Ресейдің «Оңтүстік–Орал» теміржолының филиалына қарайды. Сол үшін пойыздардың кестесіне қарап, жоспар құру қажет. Қазір өткелде сегіз деформациялық тігіс бар. Жергілікті әкімдіктегілер биыл олардың бәрін қалыпқа келтіреміз деп сендіріп отыр.

«Жұмысшы кенті ауданындағы көпірді жөндеу үшін бірнеше рет конкурс жарияланды. Бірақ біздегі компанияларда көпірді жөндеу үшін қажетті лицензиясы болмағандықтан, оған қатысушылар табылмады. Сол себепті біз былтыр қыркүйек айының соңында «Магистраль СК» ЖШС-мен тікелей келісім жасастық. Олар жөндеу жұмыстарын бастау үшін бір ай бойы Оңтүстік - Орал темір жолы басшыларымен келіссөз жүргізді. Қазанда жұмыстар басталды. Барлық шаруалар стандартқа сай жүргізілді. Қазір тек асфальт жабындысын жабу ғана қалды. Себебі, былтыр қарашада ауа-райы суытып, температура минусты көрсетті. Сосын үлгермей қалды. Оған қоса жолды ашу керек болды. Енді асфальт жабындысын мамыр айында төсейді. Қыс мезгілінде  автокөліктердің өтуіне ыңғайлы болуы үшін, мердігер бірнеше рет жарықтарды инертті материалмен жапқан еді. Бұған ақша бөлінген жоқ. Былтыр бөлінген 21 миллион теңге барлық жұмыстарды атқаруға жетеді», - дейді Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтолла.

Осылайша 10 – 20 мамыр аралығында өткел тағы жабылмақ. Бұл дегеніміз - бірнеше мың халқы бар Жұмысшы кентінің тұрғындарын әуреге салуды білдіреді. Енді олар орталыққа жету үшін күніне қосымша 10-15 шақырым жүруі тиіс. Жөндеу жұмыстарына байланысты қаладағы қоғамдық көліктердің бағыты да өзгереді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама