Астанада су тапшылығы жоқ – Жеңіс Қасымбек

Динара Амантай

Үкіметте елорданы дамыту мәселелері талқыланды

Фото: gov.kz

Үкіметте премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте мемлекет басшысының Астана қаласын одан әрі дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау жөніндегі шаралар қаралды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Елорда әкімі Жеңіс Қасымбек жаңа бағдарламалық құжаттарды, оның ішінде Астананы дамытудың 2035 жылға дейінгі бас жоспарын, 2030 жылға дейінгі қайта жаңарту бағдарламасын және Көгалдандырудың бірыңғай тұжырымдамасын әзірлеу жұмыстары туралы баяндады.

Сонымен қатар қала басшысы 3-ЖЭО-ның бірінші кезегінің және жалпы қуаты 1 130 Гкал болатын екі газ жылу станциясының құрылысы туралы айтып берді. Бұл тұрғын үй құрылысының қазіргі қарқыны сақталса, 2026 жылға дейін жылу энергиясы қорын жинауға мүмкіндік береді.

Сумен жабдықтау бойынша ұзындығы 44 шақырым су құбырының екінші желісін салу жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ Нұра жерасты суларынан жүретін арнайы құрылыстар кешенін, Тельман сорғы станциясын кеңейтуді, Қ. Сәтпаев арнасынан жүретін жаңа су құбырының жобаларын және төртінші сорғы-сүзгі станциясын пысықтау жұмыстары жүріп жатыр. Жоспарлардың орындалуы 2035 жылға дейін қажетті қорды қамтамасыз етеді. Бүгінде қалада су тапшылығы жоқ, – деді Жеңіс Қасымбек.

Астана әкімінің айтуынша, көлік инфрақұрылымын дамытуға байланысты биыл автожолдарды салу және жөндеу, сондай-ақ Тәуелсіздік көпірін аяқтау бойынша 30 жоба іске асырылып жатыр. Алдағы уақытта Тәуелсіздік даңғылын Қабанбай батыр даңғылына дейін жалғастыру жұмыстарын бастау жоспарланған. Бұл сол жағалаудағы негізгі артериялардың жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Оған қоса Газмашаппаратура ауданына (Кенесары көшесінің бастапқы жағы) екі көпір салу пысықталып жатыр. Олар Тұран даңғылы мен Айтматов көшесіндегі жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар елорда әкімі үлескерлердің мәселелерін шешу, ірі кәріз-тазарту құрылысын жобалау, LRT жобасын іске асыру және басқа да бірқатар мәселені пысықтау туралы айтып берді.

Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың орындалу барысы туралы өз салалары бойынша премьер-министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабев, Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова, Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек баяндама жасады.

Премьер-министр елорданы дамыту мәселелерін шешу Үкімет жұмысының маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы атап көрсеткен барлық мәселе бойынша қажетті шараларды іске асыруды жалғастыру керек. Атап айтқанда, елорда әкімдігі бөлінген қаржыландыруды пайдалана отырып, барлық инфрақұрылымдық жобада, оның ішінде үлескерлері бар проблемалық құрылыс нысандарында құрылыс-монтаждау жұмыстарының уақтылы аяқталуын қамтамасыз етуге тиіс, – деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар премьер-министр республикалық бюджетті қалыптастыру және нақтылау кезінде Астананың басым жобаларын қаржыландыруды қарастыруды, сондай-ақ жыл соңына дейін елорда агломерациясын дамытудың кешенді жоспарын әзірлеп, оны Үкіметке енгізуді тапсырды.