Ақтөбеде есепші компанияның 42 млн теңгесін жиені мен танысына аударған
Оның әлі 23 миллион 132 мың теңге қарызы бар
Ақтөбе қаласында құрылыс компаниясының ақшасын ұрлаған есепші 7 жылға сотталды.
47 жастағы әйел фирмада жалғыз есепші болған. Барлық қаржылық құжаттармен жұмыс істеген. Ал директор оған электронды цифрлық қолтаңбасын беріп қойған. Компания есепшісі соны пайдаланып, жиені мен танысының жеке кәсіпкерлік есепшоттарына миллиондаған қаржыны аударып отырған. Ал жиені оның әрекетінен хабарсыз болған. Есепшотқа түскен қаражат атқарылған жұмыстың ақшасы деп ойлаған.
Осылайша, бас есепші 2018-2019 жылдары аралығында 42 миллион теңге жымқырған. Қылмысының ізін жасыру үшін жалған шот-фактуралар жасаған. Директор күдікті транзакцияларды байқап қалып, бірден аудиторлық тексерісті шақырған. Нәтижесінде есепшінің қылмысы әшкереленді.
Сотта ол өз кінәсін мойындады. Үкім шыққанға дейін директорға 19 миллион теңгесін де қайтарған. Бірақ 23 миллион 132 мың теңге қарызы қалды.
Соттың шешімімен бас есепші 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ ол сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін 10 күннің ішінде жәбірленушіге шығынды толығымен өтеп беруге міндеттелді.