Ресей бидайын көрші елдерге Қазақстан өнімі ретінде сатқан шетелдік сотталды

Динара Амантай

Кәсіпкер өз кінәсін толық мойындап, бас бостандығынан айырмауды өтінді
 

Фото: Halyq Uni

Ресей бидайын көрші елдерге Қазақстан өнімі ретінде сатқан шетелдік сотталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Павлодардар қаласының №2 сотында Тәжікстан Республикасының азаматына қатысты іс қаралды. 

2021 жылғы тамыздан 2023 жылғы ақпанға дейінгі уақыт кезеңінде шетелдік азамат "Кавсар-Агро" ЖШС-нің жалғыз құрылтайшысы және директоры, "Зарият" ЖШС директоры бола отырып, халықаралық көліктік транзиттік тарифті төлеуден жалтару ниетімен алдау жолымен Ресей Федерациясының аумағында астық өнімін сатып алып, содан кейін оны Қазақстан аумағына автомобиль көлігімен кіргізген. Кейіннен бұл өнімді жеңілдетілген тариф бойынша қазақстандық астық ретінде көрсете отырып, Орталық Азия мен Ауғанстан елдеріне экспорттаған. Бұл ретте сотталушы бидайдың шығу тегін қазақстандық өнім ретінде көрсететін жалған құжаттарды пайдаланды. Осылайша, квазимемлекеттік сектор кәсіпорындарының құрамына кіретін Жүк тасымалы-ҚТЖ пайдасына халықаралық транзиттік тарифті төлеуден жалтарған, – делінген сот баспасөз қызметінің хабарламасында.

Сот өкілдерінің мәліметінше, сотталушының келтірген мүліктік залалының жалпы сомасы – 467 млн 179 мың 34 теңге. Шетелдік кәсіпкер өз кінәсін толық мойындап, бас бостандығынан айырмауды өтінген.

Сот кінәні жеңілдететін жағдайлар ретінде сотталушының кінәсін мойындауын, жасаған ісіне өкінуін, соттылығының болмауын және асырауында төрт баласының болуын таныды. Сондай-ақ оның 1 млн теңге көлемінде залалды ішінара өтегенін ескеріп, шетелдікті коммерциялық ұйымдарда 2 жыл мерзімге басшы лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырды.

Сондай-ақ сотталғаннан жәбірленуші заңды тұлғаның пайдасына материалдық залал сомасы 466 млн 179 мың 34 теңге көлемінде өндірілді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.