Қызылорда облысында балалар лагерлерінің бірінде азық-түлік дәретханада сақталған
Облыстық прокуратура демалыс орындарына тексеру жүргізді
Қызылорда облысында прокурорлар тексеру жүргізу кезінде балалар лагерлерінде көптеген бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бас прокурор жазғы каникулда балалардың қауіпсіздігін қорғау және бақылау мақсатында демалыс лагерлерінің қызметін тексеруді тапсырған болатын. Осы тапсырмаға сәйкес прокурорлар өңірдегі балалар лагерлерін тексеру кезінде көптеген кемшіліктерді анықтаған.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, биыл білім беру органдары 8 мыңға жуық баланы балалар лагеріне жіберуді жоспарлаған. Оның ішінде бүгінде 3 мың 464 бала демалып үлгерген.
Прокурорлар Шиелі ауданында орналасқан «Сыр ұланы» лагерінің қызметін тексеру барысында азық-түліктің ескі дәретхана бөлмесінде сақталғанын және балалар үшін жуынатын душтың жоқ екенін анықтады. Қазалы ауданындағы «Шағала» лагерінде суы лас бассейнде балалардың шомылуы ұйымдастырылғанын, сондай-ақ микробиологиялық зерттеу нәтижелері бойынша асханалық ыдыста ішек таяқшасы анықталған. Сырдария ауданындағы «Жалын» лагерінде төсек-орын жабдықтарын (матрастарды) дезинфекциялау және басқа да көптеген санитарлық-эпидемиологиялық нормалар сақталмаған, – делінген прокуратура хабарламасында.
Бұған қоса тексеру нәтижесінде лагерлердің қазіргі жағдайы жақсы күйде емес екендігі белгілі болды. Лагерь ғимараттары ескі. Олардың кейбіреулері күрделі жөндеуді қажет етеді.
Қазір уәкілетті органдардың қорытындылары күтілуде. Олардың нәтижелері бойынша алдағы уақытта құзырлы органмен тиісті шаралар қабылданады, – деп мәлімдеді облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.
Бұл жұмыстар облыс прокуратурасының бақылауында.