Halyq Uni логотип
×

«Министрдің бұйрығы негіз болды». Аралда 14 қызметкерді қысқартуға байланысты колледж басшылығы түсініктеме берді

Жұмыстан босатылғандардың төртеуіне басқа жұмыс ұсынылған

 Ербол Тұрымбет 05.05.2022 | 10:13
«Министрдің бұйрығы негіз болды». Аралда 14 қызметкерді қысқартуға байланысты колледж басшылығы түсініктеме берді
фото: Halyq Uni

Қызылорда облысы Арал ауданындағы индустриалды-техникалық колледждің бір топ мұғалімі жұмыстан шығарылған. Оқу жылы басталғалы бері білім ошағы басшылығы мен мұғалімдер арасында болған даудың соңы осылай біткен.

Жұмыстан шығарылған ұстаздардың алды 20 жылдан бері колледжде сабақ беріп келе жатса, қалғаны кемі 5 жылдан бері қызмет етіп жүр.

Қызметкерлердің шағымына байланысты тексеріс жүргізген облыстық еңбек инспекциясы мұның бәрін кемшілік ретінде тізіп, орындалуы тиіс шара ретінде колледж басшылығына нұсқама беріп кеткен.

Аралдағы білім мекемесінің оқытушыларына қатысты колледж басшылығы ресми жауап беріп, мұндай жағдайдың қалыптасуына Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы «білім берудің жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру» жөніндегі бұйрығы себеп болған.

Яғни, бұған дейін қызметкерлерге тиісті жалақы тарификация бойынша штаттық кестемен төленіп келсе, кейін 2020-2021 оқу жылында колледждегі білім алушылар санына байланысты бюджеттен бөлінген қаржының жыл соңында жетіспеушілігі туындай бастаған.

«Яғни, кейбір қызметкерлердің жұмыстан босатылу мүмкіндігі жөнінде қызметкерлердің барлығы алдын-ала хабарланып, бір жыл бұрын білді. Алайда қызметкерлердің отбасылық, тұрмыстық жағдайлары ескеріліп, өндірістік оқыту шеберлері мен оқытушылардың оқу жүктемелері төмендеуіне байланысты олардың өз келісімдері бойынша 2021 жылдың соңына дейін бала саны толық топтардың өндірістік оқыту шеберлері 0,75, ал бала саны толық емес топтардың өндірістік оқыту шеберлері 0,5 жүктемемен қалдырылған», - делінген жауапта.

Соның салдарынан жыл аяғында қаржы жетіспей, колледж тарапынан қызметкерлерге жалақы қарызы пайда болған. Қаражат жетіспеушілігі биыл да қайталануына байланысты ақпан айында Қызылорда облысы білім басқармасы басшысына колледждің 24 өндірістік оқыту шеберлері ұжымдық өтініш жазған. Оған мәселені қайта түсіндіруге облыстық мамандар қайта келген.

Сонымен бірге педагогикалық кеңес өтіп, колледждегі барлық қызметкердің дипломы бойынша кәсіптік қызметке қойылатын талаптарға сәйкестігі тексерілген. Нәтижесінде жұмыстан босатылған 14 өндірістік оқыту шеберінің бейіні мен диплом бойынша алған мамандығының «біліктілігі» Білім және ғылым министрінің бұйрығына сәйкес келмейтінін анықталған.

Сондай-ақ, жұмыстан босатылғандардың төртеуіне басқа жұмыс ұсынылғанымен, өздері бас тартқанын айтып отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама