Halyq Uni логотип
×

Қазақстанда жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу тұжырымдамасы әзірленді

«Жас сарбаз» қозғалысының Астана филиалының төрағасы Асхат Наушыбек әскерге бару туралы ойын айтты

 Халық үні 31.07.2023 | 18:07
Қазақстанда жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу тұжырымдамасы әзірленді
Фото: ашық дереккөз

Қазақстанның Қорғаныс министрлігі 2030 жылға дейін жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу тұжырымдамасын әзірледі, ол негізгі төрт бөлімнен тұрады, деп хабарлайды Halyq Uni.

«Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру бірлік пен тұрақтылықтың, әділдік пен ынтымақтастықтың, заң мен тәртіптің, сенім мен жауапкершіліктің ұлттық құндылықтарына негізделуге тиіс, бұл жаңа Қазақстанның құрылуының көрінісі болуға тиіс. Ең алдымен, жеке тұлғаның ең маңызды қасиеттерінің бірі – оның жері мен еліне деген құрмет сезімі бағалануы керек», - делінген құжатта.

Сондай-ақ, әскери-патриоттық тәрбие тұжырымдамасы ұлттық құндылықтарды ілгерілетуге мүмкіндік беру арқылы орталық мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдардың, қоғамдық ұйымдардың тұрақты және жүйелі жұмысына бағытталғаны айтылады. Осылайша, әскери-патриоттық тәрбие тұжырымдамасының мазмұнында төрт негізгі мазмұндық ұғым бар. Олар: тәрбие, білім, патриотизм және Отанды қорғау.

Тұжырымдамаға сәйкес, әскери-патриоттық тәрбие процесінің негізгі локомотиві елдің Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы мен білім беру мекемелері болып табылады.

Бүгінгі күні Қазақстанда әскери-патриоттық клубтардың саны 9 мыңнан асты, тартылған жастар саны 260 мыңнан асады. Жыл сайын «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны өткізіледі. Оған жыл сайын екі мыңнан астам әскери-патриоттық клубтар, сондай-ақ 55 мыңнан астам бала қатысады.

Сонымен қатар бұл салада түйіткілді мәселе жеткілікті. Олар – әскери-патриоттық тәрбие саласында жүйелі тәсілдің болмауы, білім беру процесінде тәрбие жұмысының маңыздылығын төмендету. Сондай-ақ қажетті дағдылар болмаған кезде ата-аналардың тәрбие процесіне қатысуы төмен. Яғни бұл мәселелерді шешу үшін жақсы әдістемелік негіз, дайындалған материалдық-техникалық база, оқу процесіне жоғары білікті мамандарды белсенді тарту қажеттілігі, тұтастай алғанда жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеудің проблемалық мәселелерінің кешенін шешуге бағытталған жұмыстарды одан әрі жетілдіру және іс-қимылдарды үйлестіру қажет.

Бес жылдан бері елімізде «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы» РҚБ құрылып, табысты жұмыс істеп жатыр. Ұйымның Астана қалалық филиалының төрағасы Асхат Наушыбектің айтуынша, қозғалыс жастардың әскери-патриоттық тәрбиесін жетілдіруді көздейді.

«Баланың тәрбиесі бесіктен басталады дейді. Өкінішке қарай қазір әскерге барғысы келмейтін жастар көп. Жалпы қоғамның әскерге деген көзқарасы басқа. Әскерге барған азаматтар уақытты босқа өткіздім деген түсінік қалыптасқан. Сол себепті бұл бағытта жұмысты дұрыс жүргізу керек. Жұмысты жүйелі жүргізу үшін арнайы тұжырымдама қабылданып жатыр. 2018 жылдан бері Қазақстанның барлық аймақтарында «Жас сарбыз» әскери-патриоттық қозғалыс құрылған болатын. Оның негізгі бағыты – мектеп жасындағы жасөспірімдер – 18 жасқа дейінгі жастармен жұмыс істейді», - деді ол.

Қозғалыс аясында Халық Қаһармандары, ҰОС ардагерлері, Ауған соғысының ардагерлерімен кездесіп, ерлік сабақтарын өткізіледі. Сонымен қатар жасөспірімдерді әскери бөлімшелерге апарып, әскердің бір күндік өмірімен таныстырылады.

Ол жерде әскерилердің тәртібінен бастап, қандай сабақ өтіп, немен айналысатынын көзбен көреді. Нешеде тұрады, қандай тамақ ішеді, қайда ұйықтайды деген сұрақтарарға жауап алады. Сонымен қатар қазір ІТ саласы да қарқынды дамып жатыр. Біздің қозғалыс осы бағытта да жұмыс істейді. «Smart sarbaz» робототехникасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл роботехниканың көмегімен қашықтықтан басқару арқылы көп іс атқаруға болатынын үйретеді. Мәселен, қазір дорн, датчик арқылы минаны залалсыздандыру сияқты әскери саланың міндеттерін шешуге болады, - деп толықтырды ол.

Ұйым жетекшісі 2018 жылдан бері жасөспірімдер мен жастардың әскерге баруға, қорғаныс саласына деген ынт- жігерлері бірнеше есе артқанын айтады.

«Мысалы, Шығыс Қазақстан облысы, Түркістан облысы мен Астана қаласы жақсы көрсеткіш көрсетіп отыр. Былтыр елордада көктемгі және күзгі шақырылымның әрқайсысына 800-1000 мың, яғни 2 мыңға жуық азамат әскерге жіберіліп жатыр. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Дәл осындай көрсеткішті Түркістан, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласы да көрсетіп отыр. Бірақ әлі күнге әскерге деген қызығушылықты арту жұмысы өзекті», - деді спикер.

Бұдан бөлек әскерге барған жастар үшін бірқатар жеңілдіктер қарастырылығанын атап өтті. Мәселен, әскерде борышын өтеп келген азаматтар ЖОО-ға емтихансыз түсе алады.

Атап айтқанда әскреге барған азаматтар ҰБТ-ны тапсырмай-ақ ЖОО-ға түсе алады. Бірақ оқуға ақылы бөлімге түседі, егер үлгерімі жақсы болып, өзін көрсете алса, грантқа ауысуға өтініш бере алады. Бұл көптеген озық елдерде бар тәжірибе, енді бізде де енгізілді. Алдағы уақытта мұны жетілдіреміз, себебі Канадада бірден грантқа түсу мүмкіндігі де қарастырылған. Ал бізде емтиханнан босатылды әрі ақылы түрде ғана түсу мүмкіндігі бар. Ақылы түрде оқу көп қаражатты қажет ететін болғандықтан, алдағы уақытта екі министрлікпен бірлесіп, оны жетілдіру жұмысы жүріп жатыр, - деді ол.

Алайда әскерді тартымды ету үшін бұл шараның жеткіліксіз екенін айтып отыр. Себебі әскерде орын алып жатқан әлімжеттік мәселесі әлі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ.

«Қорғаныс министрлігі проблеманы біледі, оны шешу үшін жұмыс істеп жатыр деп ойлаймын. Күн сайын түрлі жол апаты, түрлі қиындыққа байланысты өз-өзіне қол жұмсау сияқты түрлі әрекет болып жатады. Қазір әлеуметтік желі дамыған заман, кішкентай дүниені үлкейтіп көрсетуге болады. Ешбір ата-ана баласын әскерге таяқ жесін немесе басқа да жағдай болсын деп жібермейді. Сондықтан алаудауы заңды. Бірақ әскреден тыс өмірде де түрлі жағдай болып жатқанын естен шығармау керек. Қанша жерден қасынан шығармай жүрсе де, жол апаты сияқты оқыс оқиға болуы мүмкін. Бұл – өмірдің заңдылығы», - деді ұйым жетекшісі.

Сондай-ақ ол әскер адамды тәрбиелемейді, тек оқу-жаттығу арқылы әскери өмірге үйретіп, қорғаныс саласына қатысты білім береді деп есептейді. Оның пікірінше, тәрбиемен отбасыда ата-ана айналысуы керек. Бұған қоса, спикер соңғы жылдары қыздардың әскерге деген қызығушылығы артып келе жатқанын да айтты.

«Біздің қозғалыста сынып және әскери патриоттық клубтары ашылған кезде қыз балалар да қызығушылық таныта бастады. Әскери оқу орнына оқуға түскісі келетін қыздар көп. Жалпы, елімізде пилоттық режимде әскери оқуға қыз балаларды да түсірген болатын. Бірақ ұлдар мен қыздардың бір ғимаратта жатуына байланысты үлкен проблема туындады. Тіпті, қыздардың жүкті болып қалған кезде болды. Осындай мәселе туындағандықтан, қыздарға әскери оқуды жауып тастады. Басқа да мәселелер бар. Осыған орай қыз балаларға арналған арнайы жеке әскери оқу орнын ашу мәселесі қарастырылып жатыр. Жеке ғимарат пен оқу орны болуы керек. Астанадан Ресей, Белоруське кеткен жастар бар», - деді ол.

Қазір Астанада 95 мектеп пен 35 колледжде 123 әскери-патриоттық клубтар мен сыныптар бар. Оған 8 мың жас сарбаз қатысады. Ұйым жетекшісі биыл қыркүйекте тағы 2 мың жас сарбаз тәрбиеленушімен толығады деп күтіп отырғанын айтады. «Жас сарбаз» қатарына кіру тегін. Бір ғана талап қойылады – оқу үлгерімі жақсы, физикикалық дайындығы жақсы болуы керек, сосын психологиялық тест тапсырады. Бір сөзбен айтқанда қозғалысқа іріктеу арқылы қабылданады.

Қозғалыстың артықшылығы – жастар бос уақытын тиімді өткізеді. Әскери базаларға барады, Бауыржан Момышұлының ерлігін дәріптейміз, Тоқтар Әубәкіров, Бақытжан Ертаев сияқты батырлармен кездесулер өтеді. Футбол, волейбол, шахмат сияқты тегін спорттық іс-шаралар бар. Ардагерлер үйіне барады. Қатарымызға қабылданған жас сарбазға куәлік беріледі. Ол куәлік мектеп бітірген соң әскери оқу орнына түсуге жеңілдік береді. Әскери оқу орнына түсемін деген баланың оқу орнына қозғалыс хат жіберіп, оның «жас сарбаз» болғанын» растайды. Оқу-әдістемелік бойынша тәжірибесі бар деп анықтама береміз. Бір сөзбе айтқанда бұл қозғалыс жастарды әскери өмірге дайындайды, - деді Асхат Науышбек.

Сонымен қатар спикер мемлекеттен аталған қозғалысқа қаржы бөлінбейтінін атап өтті.

«Мемлекет «Жас қозғалыс» әскери-патриорттық қозғалысына арнайы қаржы бөлмейді.  Мектептердегі клубтарға алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі жетекшілік етіп, үйірме ретінде жүргізеді. Сонымен қатар арнайы грант та бөлінбейді. Бірақ қазір бұл қозғалысты мектеп бағдарламасына қосу үшін жұмыс істеліп жатыр», - деп қорытындылады спикер.

2030 жылға дейін жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу тұжырымдамасын іске асырудың нәтижесінде қазіргі жастардың сапалық сипаттамалары жақсарады деп жоспарланып отыр.

Әскери-патриоттық тәрбиенің негізгі қағидаттары:

  • Қазақстан Республикасы Конституциясы мен мемлекеттік рәміздерді құрметтеу қағидаты;
  • жастардың бойында ұлттық сананы, Қазақстанға, өз ұлтына деген сүйіспеншілікті, оның мәдениетіне құрметпен қарауды, өзінің ұлттық бірегейлігін сақтау, өз мемлекетінің дамуы мен қорғалуына қатысу қабілетін қалыптастыруды көздейтін ұлттық мүдделерді қорғау қағидаты;
  • Қазақстан азаматының жоғары құндылық ретіндегі жеке басының қағидаты және оның өмірлік табысқа жетуі үшін жағдай жасау, жеке қабілеттерін, адал, саналы және жан-жақты дамыған азаматты дамыту;
  • ерте жастан 35 жасқа дейінгі тәрбие жұмысының бағыттары мен кезеңдерінің тұтастығы мен сабақтастығы принципі;
  • басқа елдер мен этностардың мәдениетіне төзімділік принципі.

Тұжырымдаманың негізгі мақсаты ішкі және сыртқы қатерлерге қалыптасқан идеологиялық иммунитеті бар Қазақстан Республикасы жастарының әскери-патриоттық тәрбиесін одан әрі жетілдіру болып табылады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама