2022 жылы елордада отбасылық жандал бойынша полицияға 11 302 қоңырау түскен
Елімізде шілдеден бастап отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңнама қатаңдатылды. Бұл туралы ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақмарал Серікбаева мәлімдеді.
Маманның айтуынша, ішкі істер министрлігі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға басымдық беріп отыр. Сондай-ақ іс-шаралар мемлекет басшысының тікелей бақылауында.
Ресми статистика бойынша, республика бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты ең көп қоңырау Астана қаласынан түседі. Мысалы, 2022 жылы елордада осындай себеппен 11 302 адам хабарласқан. Сондай-ақ Алматы қаласынан 11 161 адам, Қарағанды облысынан 9 963 адам тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша хабарласқан.
Осылайша 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне енгізілген түзетулер заңды күшіне енді.
Әдетте жәбірленушілер өміріне немесе денсаулығына қауіп төнген кезде полицияға жүгінеді, ал полиция қызметкерлері оқиға орнына барғаннан кейін арыз жазудан бас тартады. Полиция кеткеннен кейін отбасыдағы жанжал жалғасады, кейде қайғылы жағдаймен аяқталады. Осыған байланысты, тұрмыстық жанжал туралы хабарлама келіп түскен соң оқиға орнында полицейлер құқықтық баға береді. Хаттама толтыру үшін куәгерлердің, көршілердің сөзі, бейнебақылау камералары жеткілікті болады. Соңғы шешімді сот қабылдайды, - дейді Ақмарал Серікбаева.
Яғни, полиция құқық бұзушыға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық істері бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету шараларын қабылдай алады.
Сондай-ақ сотта құқық бұзушымен татуласу мүмкіндігі бір рет қана беріледі. Екінші рет мұндай мүмкіндік берілмейді.
Отбасылық жанжал үшін агрессорға ескерту жасалады немесе 5 күнге қамауға алынады. Әрекет қайталанса, 10 тәулікке, 20 тәулікке қамалады. Денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін – 15 тәулікке қамалады, қайталаса 25 тәулікке қамау қарастырылған.