Halyq Uni логотип
×

«Әуелде пырақтардың орнына түйенің басы бейнеленген». Елтаңбаның біз білмейтін қандай сыры бар

2021 жылы Жандарбек Мәлібеков жеке деректерін Ұлттық архивке тапсырды

 Ербол Тұрымбет 18.07.2023 | 10:35
«Әуелде пырақтардың орнына түйенің басы бейнеленген». Елтаңбаның біз білмейтін қандай сыры бар
Фото: Halyq Uni

Еліміздің Мемлекеттік Елтаңбасы алғаш шаңырақ үлгісінен басталған. Ондағы пырақтардың орнына әуелде ат бейнесі емес, түйе сұлбасын бейнеленген. Ал сызбасы толық қалыптасқаннан кейін папирос қағазға салынып, содан кейін ғана пенопластқа инемен түсірілген. Мемлекеттік рәмізге қатысты осы және өзге де тың деректерді Ұлттық архивтің жеке тек құжаттармен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Фатима Әбсадықова айтып берді.

Айта кетейік, Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков 2021 жылы маусым айында Ұлттық архивке жеке құжаттарын тапсырған еді. Директор Сағила Есімсейітқызымен екіжақты келісімшарт жасалынып, қол қойылған. Ол материалдар түгел қабылданардан бұрын алдымен оларға ғылыми-техникалық өңдеу жүргізіледі. Сөйтіп, сол жұмыстар орындалып біткен соң соның нәтижесінде 29 сақтау бірлігіндегі 118 құжат қабылданады.

Ол құжаттар Жандарбек ағаның тек өзіне ғана қатысты жеке құжаттары. Оның ішінде жеке тарихи, шығармашылық, қызметіне байланысты және өзі туралы құжаттар енгізілген. Соның бәрі топтастырылып, Жандарбек Мәлібекұлының Ұлттық архивтегі жеке қоры болып қалыптасты. Сосын, біздің талапқа сай жасалып біткен соң, 271-қор нөмірі берілді, – дейді Фатима Сұлтанназарқызы.

Жалпы оның бәрі белгілі сәулетшінің 1961-2021 жылдардағы еңбектерін қамтиды.

Архив маманының айтуынша, мемлекет мұрасының қатарына қосылған осы құжаттардың ішінде ең негізгісі – еліміздің Елтаңбасы туралы, яғни, оны қалай сызғандығы, жүк көлігімен қалай алып келгендігінің тарихы – барлығы жазылған. Мысалы, онда Елтаңбадан бөлек қаншама құрылыс жобаларының сызбалары, эскиздері бар.

Бұл кісі әуелі Ташкенттегі Сәулет өнері факультетін бітіргеннен кейін, сонда құрылыс саласында жыл бойы еңбек етеді. Сонда жүргенде Әмір Темір цитаделінің байқауына қатыспақшы болып, соның үлгісін сызып жүрген кезінде «Лениншіл жас» газетінен еліміздің рәміздеріне байқау жарияланғанын оқиды. Содан дереу басқа жұмыстарының бәрін жиып қойып, осы Елтаңбамызды сызуға кіріседі. Сосын Қазақстанға әкеп 173-болып тапсырады. Жалпы, байқауға 293 жоба қатысқан. Солардың арасынан алдымен үздік ондыққа ілінеді, содан кейін бәйгеден оза шығып, осы нұсқа қабылданады, – дейді мұрағатшы.

Айта кетерлік жайт, байқауға ұсынылған нұсқалардың ішінде сәулетшілерден басқа жазушылар да, ұстаздар да қатысқан. Бірақ олардың ешбірі сақталмаған.

Фатима Әбсадықованың айтуынша, Жандарбек Мәлібеков ең әуелі шаңырағымызды сызған. Сосын оған уықтарын салып, содан кейін ішіне ер қанаты – ат деген нақыл негізінде пырақты кіргізген.

Бірақ, пырақ алдымен түйенің басын келтіріп алған. Түйенің басынан айналдырып барып, өркешін, одан ары қарай қанатын оюлап пырақ аттың қанатын келтірген. Оған үш-үштен үлкен және кіші қанаттар салған. Соның жанында жеті сақинасы берілген. Өйткені, 7 – киелі сан, қазақтың тарихына тартып тұрады. Ал үлкен және кіші қанаттар үш жүзді бейнелегені. Жан-жағындағы уықтары Қазақстандағы көп ұлттың бәрі бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүрсін деген ниет. Астында – «Қазақстан» деген жазуы бар, – дейді ол.

Архивші маманның осы айтқандары Жандарбек Мәлібековтің өзі тапсырған материалдардың ішінде тұр. Айталық, Елтаңбаны ең бірінші сызған кезде қалыпқа түсіру керек болады. Ал қалып пенопласттан жасалады. Оған қаламмен салуға келмейді. Сондықтан бірінші папирус қағазына түсіріп алып, сосын одан инемен тесіп қалыпқа түсірген. Сол арқылы Елтаңбамызды дайындап шығарған. Сөйтіп, ең алғашқы нұсқасы осылай қалыптасқан.

Бұл кісі кез келген жобаны сызар алдында қазақы нақыштарды пайдаланған. Мысалы, домбыра, қобыз, басқа да ұлттық аспаптарымыз бар, – дейді Фатима Сұлтанназарқызы.

Оған мысал ретінде, шимай дәптерінде қалған үлгілерін келтіруге болады. Мәселен Құрманғазының «Сарыарқа» және «Көбік шашқан» күйлеріне негіздеп, екі түрлі ғимарат үлгісін салған. Сондай-ақ, киіз үй үлгісі бойынша да бірнеше үлгі жазған. Кереге үлгісін қолданып, кешенді құрылыс нобайын салып шыққан суреті бар. Одан бөлек, киіз үй нақышы бойынша салған көпқабатты тұрғын жобасын да табуға болады.

Бұлардан бөлек, «Аңырақай», «Қобыз», «Үскірік», «Найза» деп аталатын жобалары да сол құжатта сақталған. Ал «Ұршық» дейтін жобасынан Астанадағы Қазақ Ұлттық Өнер университеті екенін жазбай тануға болады. Тек сырт айнала тұрған ғимарат дәл келгенімен, ортадағы негізгі ұршықтың өзі салынбаған.

Сол секілді, «Сәукеле» деп аталатын сызбасы бас қаладағы министрліктер үйі ғимаратын екіге бөліп тұрған ортадағы екі ұзын сары ғимарат екенін көре аламыз.

Одан бөлек те «Асық», «Омыртқа» деп ат қойған сызбалары көрікті ғимаратқа айналуға дайын тұрған үлгілер.

Айта кетерлік тағы бір жайт, Жандарбек Мәлібеков көп жыл бойы Өзбекстанда құрылыс саласында еңбек еткен. Оның ең алғашқы жобасы Ферғанадағы пошта ғимараты болған. Одан соң Өзбекстанда 40 жыл жүріп, көптеген құрылысын сызған. Қазіргі архивтегі құжаттар арасында солардың тізімі де бар. Бірақ толық емес. Соның өзінде құрылыс нысанының жалпы саны жүзге жуықтайды. Олардың арасында әрбір қаласында салынған тұрғын үй алаптары, аэровокзал, кітапхана, музыка мектептері, қонақүйлер мен санаторийлер бар. Олар негізінен 1970-1980 жылдар аралығында бой көтерген.

Әсіресе, ерекше атап өтерлігі, Самарқандта салынған алғашқы 9 қабатты үй де осы кісінің есімімен тығыз байланысты. Себебі, оған дейін бұл қалада ешқашан мұнша биіктіктегі салынбаған. Өйткені, жері жұмсақ. Сол үшін 9 қабатқа шыдамайды да ғимараттың бәрінде қабат саны аздау болады. Ал Жандарбек Мәлібеков сәулетшілер арасында бірінші болып осы тығырықтан шыға білген. Өзі жасаған құрылыстың сызбасын сол Самартқанда, одан соң Мәскеуге барып зерттеп, ақыры аяғына жеткізіп, бәрінің көзін жеткізген. Сөйтіп, бірінші рет Самарқандта 9 қабатты үй соғылған. Соның айғағы ретінде, архивке тапсырған суретінің бұрышына да өзінің қолтаңбасын қалдырған. Сол үй бүгінге дейін қала тұрғындарының жайлы қонысы болып келеді.

Одан бөлек те бірнеше құрылыс жобаларының тізімін көруге болады. Оның бәрі сол кісінің бізге тапсырған құрылыс жобаларының тізімі. Мысалы, әлгі айтылған Ферғанадағы пошта ғимаратының сызбасы 1968 жылы қағазға түсірілген. Одан соң Ферғана массиві деген жер бар. Оның да жобасы осы кісінің қолынан шыққан. Маргелан қаласында да үлкен пионерлер үйі тұр. Айта берсе, 40 жылдағы сызған құрылыс нұсқаларының неше түрі бар, – дейді Ұлттық архив өкілі.

Кейін Қазақстанға келген соң да көптеген жобасын жасап шығарған. Оның біразы автордың шимай дәптерінің ішінде көрсетілген. Қолмен сызған көптеген құрылыс үлгілері бұзылмаған қалпында сақтаулы.

Бүгінде белгілі сәулетшіміздің Елтаңба еңбегінің алғашқы қағазға түсірілген нұсқасымен танысам деушілер өте көп. Оны біразы ғылыми жұмыстарына да пайдаланады. Фатима Сұлтанназарқызының айтуынша, көбіне келетіні – студенттер. Сондай-ақ, ғылыммен айналысатын адамдар да диссертациялық жұмыстарына пайдалану үшін осы алғашқы эскиздермен танысып жатады.

Сондай-ақ, Мемлекеттік Тудың да алғашқы қағазға түскен нұсқасы осы Ұлттық архивте сақталып тұр. Мамандардың айтуынша, ақ қағазға түсіріліп бастап, аяғына жетпеген күйінде қалған.

Жалпы, Ұлттық архивте сақталатын құжаттардың негізгі бөлігі Қазақстан Республикасының тәуелсіз мемлекет ретінде құрылуы мен дамуы кезеңіне жатады. Осы аралықты қамтитын материалдың бәрі 257 қорда көрініс тапқан. Оның ішінде 211-і басқарушылық құжаттама болса, 44-і жеке тек құжаттар санатында. Қалған екеуі ғылыми-техникалық құжаттама ретінде саналады.

Ал солардың ішіндегі ерекше құндылығы бар деп саналатындарының қатарында Қазақстан Республикасының көрнекті қоғам, саясат және мемлекет қайраткерлері: Мырзатай Жолдасбеков, Рысты Сариева, Әбсаттар қажы Дербісәлі, Мақсұт Нәрікбаев, Нұрғожа Ораз, Насролла Мубашир ат-Тарази аль-Хусейни, Ақселеу Сейдімбек пен Кәри Әбитов және Қазбек Қазкеновтің жеке тек қорлары бар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама