Апелляциялық сот Гүлмира Сатыбалдыға шыққан үкімді өзгеріссіз қалдырды
Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы келіні 7 жылға бас бостандығынан айырылған
Астана сотында Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы келіні Гүлмира Сатыбалдының сот үкіміне жазған апелляциялық шағымы қаралды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Бұған дейін Гүлмира Сатыбалды қылмыстық кодекстің 28-бабы, 125-бабының 2-бөлігі 1 және 8 тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот үкімі 4 мамырда шықты.
Қылмыстық іс бойынша Мади Батыршаев 7 жылға бас бостандығынан айырылды, Рашид Өтебеков 5 жылға сотталды. Өтебеков сот залында қамауға алынды.
Олардың жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейтіні айтылды.
ҚАНДАЙ АЙЫП ТАҒЫЛДЫ?
Гүлмира Сатыбалды 2018-2020 жылдары республика заңдарына қарамастан, «Galanz Bottlers» АҚ-ның ірі акционері болуға ұмтылып, компанияның құны 6 584 244 088 теңге тұратын акциялар пакетінің 43,25%-ын заңсыз иемденгені үшін сотталды. Ол акция Тұрсенғали Алагөзовке тиесілі болған. Осылайша Сатыбалды іс бойынша жәбірленуші Алагөзовтің заңды құқығын бұзған.
Сондай-ақ Гүлмира Сатыбалды Мади Батыршаевпен алдын ала сөз байласып, іс бойынша жәбірленуші Айгүл Мекешеваға тиесілі құны 375 000 теңге «Maxi Bottlers» ЖШС жарғылық капиталының 75%-ын өтеусіз иемденген. Зорлық-зомбылық әрекет қолданған.
Сатыбалды мен Батыршаев Өтебековпен сөз байласып, Мекешеваны ұрлағаны үшін сотталды.
Іс бойынша жәбірленуші кәсіпкер Тұрсенғали Алагөзовтің соттағы өтініші ішінара қанағаттандырылды. Сол арқылы оның пайдасына 6 584 244 088 теңге мөлшерінде материалдық залал «GALANZ bottlers» АҚ-ның 40 355 912,41 (43,25%) жай акцияларын қайтару арқылы өндірілді. Ал моральдық шығын ретінде 1 млн теңге өндіруге үкім шықты.
Екінші жәбірленуші – Айгүл Мекешева. Медиативтік келісім жасасу және талап қоюдан бас тартуға байланысты Мекешеваның азаматтық талабы бойынша іс жүргізу тоқтатылды.
АПЕЛЛЯЦИЯЛЫҚ ШАҒЫМЫ ҚАРАЛДЫ
2023 жылдың 21 маусымында белгісіз біреулердің Астана сотының ресми сайтын бұзып, Гүлмира Сатыбалдыға қатысты ақпарат таратқаны белгілі болды. Ол жерде Сатыбалдыға шыққан үкімнің апелляциялық сотта қаралғаны және үкімнің өзгеріссіз қалғаны айтылды. Алайда қалалық соттың баспасөз қызметі бұл ақпаратты бірден жоққа шығарды.
Алайда сот кабинетіндегі ақпаратқа сәйкес, Гүлмира Сатыбалды мен басқа сотталушыларға қатысты апелляциялық сот алқасының шешімі 2023 жылдың 26 маусымында шыққан.
Гүлмира Сатыбалды мен оның адвокаттары апелляциялық шағымында қылмыстық іс жүргізу кодексінің 402-бабының талаптары бұзылғанын, 2023 жылдың 4 мамырында сот үкімінің қарар бөлігі жарияланғаны, ал үкімнің толық мәтінінің көшірмесі тек 10 күн өткен соң сот кабинетінде жарияланғанын айтқан.
«Сот үкімі болжамдарға негізделген, дәлелдер біржақты зерттелген, куәгерлердің айғақтары бұрмаланған. (...) Сатыбалды кәсіпорынды арзан бағаға қайта ресімдеуді талап еткені туралы ешқандай дәлел жоқ. Равшанов пен Бердіқұлов сол кезеңдегі акциялардың нарықтағы құнын көрсете алмады, сот шешімдеріне сілтеме жасап, Алагөзовтің кәсіпорнын қарыздың орнына алғанын айтты. Сатыбалды оларға қоқан-лоқы көрсетпеген, акцияларды өз еркімен сатқан. Сот Сатыбалдының кәнісіз екенін дәлелдейтін апалы-сіңлі Қазмамбетовалардан жауап алмады», - делінген апелляциялық соттың қаулысында.
Ал Мекешеваны ұрлау ісі бойынша ешкім ұйымдастырушы ретінде Сатыбалдыны көрсетпегенін алға тартқан.
«Батыршаев (сотталған) Мекешеваны ұрлау туралы Сатыбалдының тапсырма бергенін айтпады. Өтебеков Е.Сатыбаевтың «құжаттарды ұрлаған алаяқты тауып, полицияға беріңдер» деген тапсырмасын орындаған. Сол сәтте Өтебеков адам ұрлау әрекетіне барғанын түсінбеген. Керісінше полицияға көмектесіп жатырмын деп ойлаған», - делінген құжатта.
Сондай-ақ адвокаттар Сатыбалдының сол күні ешкіммен телефон арқылы сөйлеспегенін алға тартты.
Жәбірленуші Мекешева тұратын үйдің ауласында видеожазбаға қатысты маманның қорытындысын сот назарға алмады. Ол жерде оқиғаның қалай болғаны көрсетілген. Мекешева келісімге қол қойғаннан кейін тұрғылықты мекенжайына жеткізілген, денсаулығына зиян келмеген. Мекешевамен медиативті келісімге келгеніне қарамастан, сот қатаң жаза тағайындады, - деген сотталған Гүлмира Сатыбалдыны қорғау тарапы.
Ал сотталған Мәди Батыршаев пен адвокаттары сот тергеуі барысында оның кінәсі дәлелденбегенін айтқан.
«Maxi Bottlers» компаниясының оған қажеті де жоқ, Батыршаев Айгерім Сыздықованың өтініші бойынша компанияны уақытша өз атына жазуға рұқсат берген. Батыршаевтың Сатыбалдымен бірлесіп, адам ұрлау туралы қылмыстық келісімі болмаған. Ол Мекешевамен келісімшартқа құжатта не жазылғанын білместен қол қойған, себебі қазақ тілінде білім беретін мектепті тәмамдаған, - делінген сот қаулысында.
Апелляциялық сотта қорғау тарапы Мекешеваның да Батыршаевқа қатысты ешқандай кінә артпайтынын алға тартты.
5 жылға сотталған Рашид Өтебековтің де адвокаттарына сот үкіміне келіспеді.
Тараптарды тыңдағаннан кейін сот алқасы сотталғандардың кінәсі олардың мойындамағанына қарамастан, бірінші сатыдағы сотта қаралған мән-жайлар мен талданған дәлелдер арқылы расталады деген қорытындыға келді.
«2018 жылы Тұрсенғали Алагөзов «Galanz Botlers» АҚ акциясының жартысынан астамын жұбайы Ляйсира Маратқа сыйға тартқаннан кейін, өзінде 43,25% бөлігі қалған. Ляйсира Маратпен соттасып жатқан кезде Алагөзов акциясының 40%-ын Ревшановқа, 3,25%-ын Бердіқұловқа жазған. 2018 жылы Гүлмира Сатыбалды апалы-сіңлі Ляйсира Марат пен Ильдана Қазмамбетованың өтініші бойынша Ревшанов пен Бердіқұловтан компанияның 43,25%-ын «жалған» адамның атына жазып беруді талап еткен. Осы тұста бұрынғы күйеуі Қайрат Сатыбалдының отбасының шексіз мүмкіндікке ие екенін айтып, қиындыққа тап болатынынын жеткізген. Осылайша Алагөзовтің компаниясының 43,25%-ы Сатыбалдының көлік жүргізушісіне 40 355 912 теңгеге сатылған. Ол кезде компанияның 43,25% акциясының нарықтағы құны 6 624 600 000 теңгені құрады», - делінген апелляциялық сот қаулысында.
Қорғау тарапының компания акцияларының ерікті түрде сатылды деген уәжі расталмады. Сотта Ревшанов, Бердікқұлов, Мекешева және Сыздықова Гүлмира Сатыбалдының тапсырмасын орындағанын айтты.
Куәгер Марат пен Қазмамбетованың жауабына сәйкес, Гүлмира Сатыбалды компанияның банк алдындағы 1,2 млрд теңге қарызын жауып беруге келіскен. Оның орнына компанияның 26% акциясы мен «Maxi чай» брендін сұраған. (...) Компанияның ірі акционерлерінің бірі Қазмамбетова Сатыбалдыға 50,75% акциясын негізгі бағасынан арзанға сатуға мәжбүр болған. Осылайша, компания тауар белгісімен бірге Гүлмира Сатыбалдының меншігіне өткен, - делінген құжатта.
Осылайша, Сатыбалды жәбірленуші Алагөзовтің еркін иелік етуге, мүлікті пайдалануға және кәсіпкерлік қызметпен айналысу конституциялық құқығын бұзып, 6 584 244 088 теңгеге материалдық залал келтірген.
Айгүл Мекешеваны ұрлау іс бойынша апелляциялық сот алқасы Рашид Өтебековтің кінәсі толық көлемде дәлелденді деп таныды.
Бірінші сатыдағы сот айыптаушы тарап, қорғаушы тарап та ұсынған барлық дәлелдемені зерттеді, сондай-ақ тараптар ұсынған дәлелдер бойынша тиісті баға берді, - делінген қаулыда.
Сондай-ақ Сатыбалдының адвокаттарының қылмыстық іс жүргізу кодексінің 402-бабының талаптарын бұзылғанына қатысты шағымы да қаралды. Сот алқасы қолданыстағы заң бойынша сот үкімінің мәтіні көлемді болған жағдайда, үкім жарияланғаннан кейін 15 күн ішінде толық мәтінде жариялауға болатынын мәлімдеді.
Қорыта келгенде 2023 жылдың 26 маусымында сот алқасының төрағасы судья Әділхан Шайхисламов, судья Шынар Ерғалиева, Айсұлу Ерғалиева сотталғандардың апелляциялық шағымын қарап, 4 мамырда Астана қаласы Байқоңыр ауданының №2 сотында Гүлмира Сатыбалды, Мәди Батыршаев пен Рашид Өтебековке шыққан сот үкімі өзгеріссіз қалдырды.
Енді сотталғандар сот актісіне қатысты Қазақстанның Жоғарғы сотына шағымдана алады.