«Самұрық-Қазына» басшысы Жаңаөзендегі жұмысшылардың ереуіліне қатысты пікір білдірді
Жаңаөзендегі «Кезби» жұмысшылары жалақысына үстеме қосуды талап етіп отыр
«Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Жаңаөзен қаласындағы мұнайшылардың ереуіліне қатысты пікір білдірді.
«Екі аптадан бері «Кезби» ЖШС мердігері ереуілге қатысып жатыр. Оның неден болғанын түсіндірейін. Қор компаниясы «Қазмұнайгаз» АҚ құрылыс және жөндеу жұмысына конкурс өткізеді. Жеке компаниялардың меншік иелері аталған конкурсқа қатысып, келісім шартты алу үшін ашық демпинг жасады. Олар келісім шартты алып, кейін өз пайдасын сақтап қалу үшін жұмыскерлерінің жалақысын төмендетеді. Сол себепті бұл сұрақ қорға емес, аталған келісім шартты алу үшін кез келген жолмен бағаны төмендеткен компания басшыларына қою керек. Біз ол жұмысшыларды түсінеміз», - деді «Самұрық-Қазына» басшысы ОКҚ-да өткен брифингте.
«Кезби» ЖШС жұмысшыларының басты талабы - биыл ақпанда екі күн ереуілдетіп, жалақыларына 30% үстеме қостырған «Өзенмұнайгаз» ірі мұнай компаниясының мұнайшылары тәрізді өздерінің жалақыларына үстеме қосу.
Сәтқалиевтың айтуынша, «Самұрық-Қазына» мұндай жағдайдың алдын алу үшін портфельдік компанияларымен ескерту жұмыстары жүргізілгенін айтты.
«Қорда ондай жағдайдың алдын алу үшін ескерту жұмысын жүргіздік. Біріншісі, сатып алудың жаңа тәртібінде біз мердігер ұйымдардың жұмысшыларының жалақысына тарифтік мөлшерлемені белгілеуді міндеттедік. Қазір «Қазмұнайгаз» өз шешімімен мұнай газ саласындағы жұмысшылардың базалық мөлшерлемесі 70 пайыздан кем болмау керек деп анықтады. Яғни, бұл компаниялардың меншік иелері сатып алу конкурсына қатысу кезінде ставканы 70 пайыздан төмен түсіре алмайды. Одан бөлек ағымдағы келісім шарттар бойынша біз компанияларымызға қолданыстағы келісімдерге өзгерістер енгізіп, жұмысшылардың жалақысын көтеруге мүмкіндік бердік», - деп толықтырды қор басшысы.