Облыс әкімі жедел штаб отырысын өткізді
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Екібастұзда қаланың қысқа дайындығы жөнінде жебел штабтың отырысын өткізді.
Отырыста Жылу электр орталығын жөндеу науқанын және тұрғын үйлердің алдағы жылу беру маусымына дайындау мәселелері талқыланды.
Екібастұз қаласы әкімінің мәліметіне қарағанда, 690 үйден 624 үй жылу қабылдауға дайын. Олардың жылу тораптары мен ішкі жүйелері тазартылды. 204 үйде дроссель құрылғыларын орнату-баптау және шайбалау жүргізілді.
Қала жылу беру маусымына дайындалып жатыр. Тамыз айының соңына дейін жылу магистральдарын қайта жаңартуды аяқтау жоспарлануда, – деді облыс әкімі.
Оның айтуынша, 24-26 шілде аралығында қалада гидравликалық сынақтар өтті. Желілердің ең осал учаскелерінде 109 ақау анықталды. 24 ақау жойылды. Қазір құбырларды қалпына келтіру және ауыстыру жұмысы болып жатыр. Тамыз айының соңына дейін 4 жылу магистралін қайта жаңартуды аяқтау жоспарлануда. Мақсатты қаражаттар есебінен жылумен, сумен жабдықтау және кәріз жүйелерін жөндеу 131 тұрғын үйде жүргізілді.
Екібастұз ЖЭО-да қазандықтар мен жабдықтарды жөндеу жұмыстары жалғасуда. Жұмыстарға 270-тен астам адам жұмылдырылған. Бекітілген кестеден артта қалушылық жоқ және қажетті жабдықтар уақытында жеткізілуде, – деді ол.
Жұмыстар №11, №12, №13, №14, № 15 қазандық агрегаттарында жүргізілуде. Оларда бөлшектеу жұмыстары, газ құбырларын, ауа өткізгіштерді, экрандық құбырларды ауыстыру, қазандықтардың қаптамаларын ауыстыру және басқа да жұмыстар жүргізілуде.