Астанада тағы 11 мектеп салынып жатыр
Одан басқа ұлттық жобасы аясында 90 мыңдай оқушыға арналған 24 білім ордасы болады
Астанада тағы 11 мектеп салынып жатыр. Бұл туралы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев айтты. Оның айтуынша, 2022-2023 оқу жылы елорда үшін табысты аяқталды. Білім сапасының көрсеткіші қала бойынша 59,7% болды. Балалардың 98%-ы жазғы демалыспен қамтылды.
Өткен оқу жылында 9-сыныпты 18 443 оқушы бітірді. Ал 11-сыныпты 9 539 түлек аяқтап, ҰБТ тапсырды. Түлектер жоғарғы оқу орындарына құжаттарын тапсырып дайындалып жатыр. Алдын ала болжам бойынша жаңа оқу жылында бала саны 255 мыңға жуық болады. Бірінші сыныпқа 27 мыңнан астам бала барады делінуде. Қазір оқушылардың орын тапшылығы 26 454 баланы құрап отыр. Сондықтан оқушылардың орын тапшылығын жою мақсатында 15 700 орынға арналған 11 мектептің құрылысы жүріп жатыр, – деді ол.
Осы ретте Білім басқармасының өкілі мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 90 мыңдай оқушыға арналған (2 ауысымда) 24 ірі мектепті жобалау басталғанын, жаңа форматтағы мектептердің құрылысы биыл басталатынын атап өтті.