Қарағандыдағы қайғылы жағдай: Әлеуметтік орталықтың 13 қызметкері жұмысынан шеттетілді

Айнұр Шошаева
фото: primeminister.kz

Қарағанды облыстық балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының міндетін атқарушы мен 12 медициналық қызметкері жұмысынан шеттетілді. Бұл туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев мәлімдеді, деп хабарлады Halyq uni.

«Қарағанды қаласында қайғылы жағдай салдарынан бір бала қайтыс болды. Осы баланың ата-анасына қайғырып, көңіл айтамын. Бірнеше бала ауруханада, дәрігерлердің тарапынан оларға барлық медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Қазір қылмыстық іс қозғалды, қайғылы жағдайдың себептері тексерілуде. Ол туралы кейірінек толық ақпарат беретін боламыз. Бұған жол берген адамдардың барлығы қатаң түрде жазаланатын болады», - деді ол өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Әкімнің айтуынша, қазір орталықта 147 бала бар. Олармен облыстық медициналық ұйымдардың мамандары жұмыс істеп жатыр.

Орталық директорының міндетін атқарушы, 12 медициналық қызметкері қазір жұмысынан шеттетілді. Олардың орнына орталыққа басқа медициналық ұйымдардың қызметкерлері келіп, уақытша жұмыс істеп жатыр. Орталықтағы балалардың жағдайын әрі қарай бақылау үшін медициналық бригадалар жұмылдырылды. Өз тарапымнан бұл жағдай жауапсыз қалмайтынына сендіргім келеді. Кінәлі азаматтар заң бойынша қатаң жауапқа тартылатын болады. Құқық қорғау органдары тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Біз үшін балалардың өмірін сақтау басым міндет болып отыр, - деп қосты өңір басшысы.

Сондай-ақ ол әлеуметтік желі қолданушыларының әкімдік аталған жағдайға дер кезінде әрекет етпеді деген айыптауларына қатысты пікір білдірді.

«Әлеуметтік желілерде біздің ақпаратты кеш бергеніміз туралы қауесет тарап жатыр. Осы орайда айтарым, 30 шілдеде ауруханаға 2 бала түсті. Кеше, 31 шілдеде тағы 10 бала түсті. Алғашқы минуттан бастап арнайы комиссия құрып, істің мән-жайын анықтай бастадық. Сол жерде бұл істі тергеу үшін тиісті тапсырма бердім», - деді Ермағанбет Бөлекпаев.