Шымкентте учаскелік полицей суретін желіге салған әйелді қызметтік көлікпен соққан
Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін мойындамаған
Шымкент тұрғынын туған күніндегі суреттерді желіге салғаны үшін полиция қызметкері ұрып-соққан. Айтуынша, оның бұл суреттерін полицейдің әйелі желіден көріп, қызғанып, отбасылық жанжал шығарған. Ал соның есесін полицей тұрғыннан алып, тіпті оны қызметтік көлікпен қаққан. Бұл туралы Otyrar.kz хабарлады.
Әйелдің айтуынша, маусым айында учаскелік полиция қызметкері туысымен бірігіп, оны жұмыс орнында қатты соққыға жыққан. Шабуылдан кейін қызметтік көлікпен әдейі қағып кеткен.
Бәрі Instagram желісінен басталды. Мен оның әйелін танымаймын. Ол менің Instagram парақшама жалған аккаунтпен жазылған екен. Жақында туған күнім болған. Желіде онымен бірге түскен суреттер салынды. Бірақ бұл суреттерде одан да басқа бірнеше ер адам болды. Әйелі соны көрген екен. Сонда отбасылық жанжалдары үшін мені көлікпен қағуы керек пе? – дейді жәбірленуші.
Оқиғадан кейін ол полицияға арыз жазған. Іс «Денсаулыққа жеңіл зиян келтіру» әкімшілік бабы бойынша қозғалған. Тұрғынның айтуынша, сот отырысында айыпталушы өз кінәсін мойындамаған. Тіпті кешірім сұрамай, мысқылдап қана отырған көрінеді.
Сот отырысында бұрмалауларды естіп, мүлде таң қалдым. Ол өзін мені қоңырау шалып шақырып алды деп айтты. Бұл жағдайдан қалай шығуға болатынын заңгерлермен әбден кеңескені көрініп тұр. Өйткені осының бәрі болған күні маған оның полиция бөліміндегі басшылығы келіп, арыз жазбауымды өтінген еді. Себебі мен арыздансам, олардың қызметіне кір келеді, – деді ол.
Жәбірленуші жанжалға полицейдің әйелінің қызғанышы себеп болуы мүмкін деп күдіктенеді. Адвокат Әлімжан Сартбай бұл істе сәйкессіздіктер көп екенін айтады. Ол полиция бөлімінің басшылығына жүгінді. Алайда әзірге нақты нәтиже жоқ. Ал учаскелік полиция қызметкері әлі де қызметте.
Қақтығыстың неден туындағаны маңызды емес. Өйткені кез келген Қазақстан азаматының қорғануға құқығы бар. Бүгін полиция қызметкерінің неліктен оны ұрып-соққанын, содан кейін қызметтік көлікпен бұл әйел мен тағы бір ер адамды неліктен қағып кеткенін түсіну керек. Біздің өтінішімізден кейін бір ғана куәгерден жауап алынды, - деді жәбірленушінің адвокаты.
Шымкент қалалық ПД баспасөз қызметі оқиғаға қатысты түсінік берді. Тергеу құпиясына сілтеме жасай отырып, ведомство тарапынан жанжалдың не себепті болғаны айтылмады.
Қазір азаматтың өтініші бойынша Еңбекші аудандық полиция бөлімінің полицейіне қатысты Шымкент қалалық ОҚБК қызметкерлері тексеру жүргізіп жатыр. Бұл факті полиция департаменті басшылығының бақылауында, – делінген хабарламада.
Жәбірленуші материалдық және моральдық зиянды өтеуді талап етпейді. Тек іс бойынша әділдік пен шынайы тергеуді қалайды.