Туристік жарна, самокат мәртебесі, мешіттердің қауіпсіздігі: Қазақстанда тамыздан бастап не өзгереді?

Айнұр Шошаева

Тамыздан бастап білім саласын бірқатар жаңашылдық күтіп тұр

көрнекі фото: vechastana.kz

Бүгіннен бастап елімізде бірқатар заңға енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Аталған өзгерістердің қазақстандықтардың өміріне қалай әсер ететінін шолып көрдік, деп хабарлайды Halyq Uni.

1 тамыздан бастап білім саласын бірқатар жаңашылдық күтіп тұр. Мәселен, бүгін елімізде оқушыларды 1 сыныпқа қабылдау аяқталды. Сондай-ақ жақын күндері мемлекеттік білім грантының игерелдері анықталады. Айта кетейік, биыл Қазақстанның ЖОО-да оқу үшін 88 мың грант бөлінген болатын.

Бұдан бөлек, бірқатар ЖОО-ның ректорын үкімет тағайындайтын болады. Мәдениет және спорт министрі өз бұйрығымен бірінші басшыларын ҚР Үкіметі тағайындайтын және қызметтен босататын мемлекеттік жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының тізбесін бекітті. Тізбеге министрлікке ведомстволық бағынысты 4 жоғары оқу орны кірді. Олар: Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, Қазақ ұлттық өнер университеті, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы мен Қазақ ұлттық хореография академиясы. ІІМ қолданыстаға ережеге өзгеріс енгізді, соған сәйкес Алтын белгі иегерлері мен ҰБТ-дан 100-ден жоғары ұпай жинаған түлектер министрліктің мамандандырылған оқу орындарына конкурссыз түсе алады.

АВТОМЕКТЕПТЕРГЕ ТАЛАП КҮШЕЙЕДІ?

Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыру мен автомектептерге талаптар күшейтіледі. Теориялық немесе практикалық емтихандарды тапсыру үшін кандидаттар электрондық үкімет порталы (ЭҮП), ақпараттандыру объектілері (екінші деңгейдегі банктердің ақпараттық жүйелері) арқылы немесе қызмет операторына жүгіну арқылы өтініш береді.

ЭҮП, ақпараттандыру объектілері арқылы жүгінген кезде жүргізушілерге кандидат тұлғаның биометриялық деректерін мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтермен салыстыру арқылы сәйкестендіруден өтеді. 

Кандидат теориялық немесе практикалық емтихандарды тапсыру үшін белгіленген бос күндерді ескере отырып, тапсыру орнын, күнін және уақытын таңдайды. Теориялық емтиханда екі рет тапсыра алмаса, үшінші рет бір айдан кейін тапсыра алады. Практикалық емтихан да солай. Егер практикалық емтиханды үш рет қатарынан тапсыра алмаса, теориялық емтиханды тапсыру нәтижелері жойылады (талпыныстар саны нөлге тең). Мұндай жағдайда кандидат теориялық емтихан тапсыруға кемінде екі айдан кейін жіберіледі.

Сонымен қатар автомектептерге де талап күшейтіледі. Оқу ұйымдарын есепке алу және оқу топтарын тіркеу жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның («Автомектеп» АЖ) ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Бұл ақпараттық жүйе оқушылар санының 30-дан асуына, курсқа қатысушыларды бұрын тіркелген топтарға қосуға жол бермейді. Ең бастысы ақпараттық жүйе курс бағдарламасын толық өтпеген азаматтарға куәлік бермейді деп көздеп отыр.

САМОКАТТАРДЫҢ СТАТУСЫ

30 тамыздан бастап елімізде мопедтер мен электрсамокаттарға да талап күшейеді. Дәлірек айтсақ, олардың статусы заңмен белгіленді – рұқсат етілген қозғалыс жылдамдығы 25 км/сағ аспайтын көлік құралы ретінде танылады.

Бұдан былай электрсамокат жүргізушілеріне жолаушыларды тасымалдауға, рөлді қолмен ұстамай жүруге, жүк тасымалдауға тыйым салынады. Сондай-ақ түнгі уақытта жарықсыз жүруге және басқа электрсамокаттарын сүйретуге де тыйым бар. Самокат жүргізушілері жаяу жүргіншілер мен жол жиегінде сағатына 6 шақырымнан аспайтын жылдамдықпен жүруге тиіс. Бұл шектеу жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі үшін енгізілді. Тағы бір жаңалық - Қазақстанда жолдың жүру бөлігінің оң жақ шеті бойынша, оның ішінде маршруттық көлік құралдары жүретін жерлерде 18 жасқа толмаған азаматтарға жүргізуші куәлігінсіз самокатпен жүруге болмайды. Ал мопед жүргізушілеріне велосипед жолымен, жол жиегімен, тротуармен немесе жаяу жүргіншілер жолымен жүруге тыйым салынды.

МЕШІТ ПЕН ШІРКЕУ ЛАҢКЕСТЕРДЕН ҚОРҒАЛАДЫ

Енді елдегі мешіттер мен шіркеулер террористерден қорғалатын болады. АҚДМ діни қызмет саласында жұмыс істейтін нысандарды терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты бекітті. Аталған нұсқаулық 200 және одан да көп адамның бір мезгілде болуына (сыйымдылығына) арналған ғибадат үйлеріне (құрылыстарына) қолданылады. Алайда құжат рухани (діни) білім беру ұйымдарына қолданылмайды.

Нұсқаулық діни бірлестіктердің, олардың филиалдары мен өкілдіктерінің басшыларының немесе ғибадат үйлерін (ғимараттарын) өзге заңды негізде пайдаланатын діни қызметкерлердің, ғибадат үйлерінің персоналының жұмысына, сондай-ақ олардың терроризмге қарсы қорғалуының жай-күйін зерделеу, тексеру және бағалау кезінде мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілдеріне қолдануға арналған.

Ғибадат үйлерінің терроризмге қарсы қорғалуының жай-күйін зерделеу, тексеру және бағалау жұмысы ғибадат, діни рәсімдер, рәсімдер жасауға кедергі келтірмеуге тиіс. Сонымен қатар елді мекендерді ауыз сумен жабдықтау объектілерін терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық бекітілді. Нұсқаулық ауыз сумен жабдықтау объектілеріне, оның ішінде: террористік тұрғыдан осал объектілерге жатқызылған саны 5000 адамнан асатын тұтынушыларға ауыз су беруді қамтамасыз ететін су жинау құрылыстарына қолданылады. Қорғау шараларын ұйымдастыру алдын-ала, сараланған тәсіл, сәйкестік және кешенділік принциптеріне негізделген.

ҚОҒАМДЫҚ ТЫҢДАУСЫЗ ҚҰРЫЛЫС БАСТАЛМАЙДЫ

Қала құрылысы жобалары қоғамдық талқылау өткізілгеннен кейін ғана бекітілетін болады. Тиісті түзетулер қала құрылысы жобаларын (егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары мен құрылыс жобалары) әзірлеу, келісу және бекіту қағидаларына енгізілді.

Сонымен, енгізілген толықтыруларға сәйкес, қоғамдық талқылаулар – ашық жиналыстар арқылы ҚР сәулет, қала құрылысы және құрылыс мәселелерін қозғайтын мемлекеттік және басқарушылық шешімдерді қабылдауға қоғамдық қатысудың бір жолы. Қоғамдық талқылаулар бойынша ақпаратты жергілікті атқарушы органдардың (ЖАО) ресми интернет-ресурстарында орналастыру үшін «қоғамдық талқылаулар» айдары ашылады. Қоғамдық талқылаулар ашық жиналыс арқылы өткізіледі, онда ЕЖЖ жобасын және/немесе құрылыс салу жобасын әзірлеу туралы шешім қабылдау, ЕЖЖ мен құрылыс жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы шешім қабылдау мәселелері қаралады. Ашық жиналыстар арқылы қоғамдық талқылауларды өткізу күні хабарландыру БАҚ-та орналастырылған күннен бастап күнтізбелік 20 күннен кейін белгіленеді. Айта кетейік, қоғамдық талқылаулар тіркелген және оларға кемінде 10 жеке және заңды тұлға қатысқан кезде өткізілген болып есептеледі.

ШЕТЕЛДІКТЕР ТУРИСТІК ЖАРНА ТӨЛЕЙДІ

Еліміздің туризм саласында жаңалық бар. Тамыздан бастап Қазақстанға келген шетелдіктерге туристік жарна төлеу ережелері қолданыла бастайды.

Шетелдіктер үшін туристік жарна қалалар мен аудандардағы жатақханалар, қонақ үйлер, жалға берілетін тұрғын үйлерді қоспағанда, туристерді орналастыру орындарында болған әрбір тәулік үшін туристерден алынады. Төленуге тиісті жарна сомасы тұру құнына енгізілмейді. Шетелдіктер, не шетелдіктің тұруына ақы төлейтін жеке немесе заңды тұлғалар (шақырушы тарап, туроператор) туристік жарнаны төлеушілер болып табылады. Аталған жарнаның ставкаларын жергілікті атқарушы орган қағидалар негізінде әзірлеп, оны бекіту үшін мәслихатқа ұсынады.

Орналастыру орындарындағы туристік жарнаға 0,2-ден 0,5 АЕК-ке дейінгі мөлшерде тіркелген ставкалар қолданылады. Ставкалардың мөлшері өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда деректердің өзекті статустары негізінде айқындалады. Белгіленген мөлшерлер шегінде (0,2-ден 0,5 АЕК-ке дейін), бірақ жылына екі реттен аспайтын мерзімділікке байланысты мөлшерлемелер мөлшерін өзгертуге жол беріледі.