Қонаев қаласындағы балалар лагерінен де кемшіліктер көрсетілді
Ол жерге Оқу-ағарту министрлігі мен білім басқармасының өкілдері және прокурорлар аттанды
Журналист Сандуғаш Дүйсенова Instagram-дағы парақшасына Қонаев қаласындағы балалар лагері бөлмесінің фотосуретін жариялады. Айтуынша, оған суретті сондағы бір көпбалалы ана жіберген.
Суреттен балалар ұйықтайтын бөлме қабырғаларының бояуы кеткені көрінеді. Сондай-ақ төсектер бір-біріне тым жақын орналасқан. Ал санитария дәрігерлерінің нұсқауы бойынша жатын бөлмесіндегі орын саны бір балаға төрт шаршы метрден есептелуі керек.
Балалар құқығын қорғау комитеті жұмыс тобының лагерьге кеткенін хабарлады.
Оқу-ағарту министрлігі мен білім басқармасының өкілдері орталықта балалардың тұру, қауіпсіздігін қамтамасыз ету жағдайын тексереді. Бұған дейін Қонаев атындағы білім бөлімі осы жекеменшік «Бәйтерек» лагеріне мониторинг жүргізген. Оның барысында лагерьде СЭС рұқсаты бар екені анықталды, - деді комитет өкілдері.
Қазір ол жерде прокурорлар да жүр.