Былтыр машина жасауға 500 млн доллар тікелей инвестиция тартылған
Қытай инвесторлары Қазақстанға бұрғылау қондырғылары және ауыл шаруашылығы техникасы өндірісін дамытуға қолдау көрсетеді. Бұл туралы Үкімет отырысында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Министрдің сөзінше, Қазақстан машина жасау саласында Ресей, Қытай, Өзбекстандағы серіктестермен бірлесе жұмыс істеп жатыр. Өзбекстанмен бірлесе автомобиль өндірісі ұйымдастырылған, сондай-ақ тұрмыстық техника және лифт жасау бойынша да жобалар бар.
«Кейінгі бес жылда машина жасау саласының нақты дамуы 2,3 есені құрады. Ең үлкен өсім автомобиль жасау саласы көрсетіп отыр. 2022 жылдың қорытындысы бойынша машина жасауға 500 млн АҚШ доллар тікелей инвестиция тартылды. Биыл бірінші тоқсанда салаға тартылған инвестиция 208 млн долларды құрады», - деді Марат Қарабаев.
Айтуынша, өңдеу өнеркәсібі салалары ішінде машина жасау қарқынды дамып келе жатыр.
Кейінгі 5 жыл ішінде өңдеу өнеркәсібінің орташа өсу қарқыны 4,5% болса, машина жасаудың өсу қарқыны 17,6%-ды құрап отыр. Бұл үрдіс биыл да байқалады. Алты айдың қорытындысы бойынша нақты көлем индексі 128,8%-ды құрады және 1 трлн 800 млрд теңге сомасына өнім шығарылды, - деді министр.
Қарабаевтың сөзінше, қазір назар жаңа жобаларды іске асыруға аударылып отыр.
2028 жылға дейін 1 трлн 700 млрд теңгеге 151 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде биыл 217 млрд теңгеге 29 жобаны іске асыру көзделген. Олардың ішінде Ресей, Қытай, Өзбекстандағы серіктестермен іске асырылатын біріккен жобалар да бар. Өзбекстанмен бірлесе автомобиль өндірісі ұйымдастырылды, сондай-ақ тұрмыстық техника және лифт жасау бойынша да жобалар іске асырылып жатыр. Ресейлік серіктестермен алюминийден жасалған дисктер, сондай-ақ, теміржол машина жасау секторына арналған құрамдауыш бөлшектер өндірісін ұлғайтамыз, - деді ол.
Ал Қытай инвесторлары бұрғылау қондырғыларының және ауыл шаруашылығы техникасының өндірісін дамытуға қолдау көрсетеді.
Министрдің айтуынша, 2022 жылдың қорытындысы бойынша ішкі нарықта 150 мың автомобиль сатылды, оның 103 мың бірлігін отандық компаниялар жасап шығарған. Осы секторда министрлік алдында 3 міндет тұр.
Бірінші – шығарылатын автомобильдер қатарын кеңейту. Қазір екі автомобиль зауыттың құрылысы жүріп жатыр.
Екінші – шағын торапты құрастыруды дамыту.
«Ол үшін біз автокөлік өндірушілеріне көліктерді оқшаулау және шағын торапты құрастыруға көшу үшін талаптарды күшейту бойынша шаралар қабылдап жатырмыз, - деді Қарабаев.
Үшінші – компоненттік базаны құру. Айтуынша, қазір доңғалақ дискі, аккумулятор шығаратын кәсіпорындар жұмыс істейді, оларды отандық автомобильдерге орнату үшін омологация процесі өткізіліп жатыр.