×

Орал қаласында егіз босанған ана қайтыс болды

35 жастағы әйелдің артында бес баласы қалды

 Халық үні 04.05.2022 | 13:42
фото: Орал қаласындағы көпбейінді аурухана

Орал қаласының ауруханасында араға апта өтпей тағы да ана өлімі тіркелді. Дүниеге егіз бала әкелген ана босанғаннан кейін қайтыс болды.

«Босанар кезде марқұмның денсаулығында ақау бары анықталды. Қан қысымы жоғары, гемоглобині төмен. Босанған соң қан көп кетті. Науқасты құтқарып қалу үшін басқа ауруханалардан анестезиологтар мен гинекологтарды шақыртып, қолдан келгеннің бәрін жасадық. Қан құйылса да жағдайы нашарлап кетті», - дейді Орал қаласындағы көпбейінді аурухананың бөлімше меңгерушісі Наталья Кочегарова.

Дүниеге келмей жатып анасынан айырылған егіздер марқұмның туыстарына берілді. Дәрігерлер олардың жағдайы қалыпты екенін айтты. 35 жастағы келіншектің артында бес баласы қалды. Оқиғаға қатысты қызметтік тексеру басталған.

Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, соңғы екі жылда өңірде 13 жүкті келіншек дүние салыпты. 2019 жылдан бері бір жасқа толмаған 331 сәби шетінеген.

Еске сала кетсек, осыдан бес күн бұрын Оралда босанған соң комаға түскен Таңшолпан Мұқанова қайтыс болды. Марқұмның туыстары жас келіншектің өліміне дәрігерлердің салғырттығы себеп болғанын айтады.

Нұрлыбек Рахман, Батыс Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама