Екі қазақстандыққа ота жасалған
Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Аланияда қазақстандықтар мінген автобустың жол апатына түскеніне қатысты ақпарат таратты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ресми мәлімет бойынша, 2023 жылдың 30 шілдесінде таңертең Аланияда Қазақстанның 12 азаматын тасымалдаған шағын автобус жол апатына түскен.
Түрік полициясынан алынған алдын ала мәлімет бойынша, автобус жүргізушісі қатты жылдамдықпен келіп, жүк көлігіне соқтығысқан. Апат салдарынан зардап шеккендер бар, олар шұғыл түрде жақын маңдағы ауруханаларға жеткізілді.
Жағдайды және азаматтардың денсаулығын білу үшін қазақстандық консул дереу Аланияға барып, медициналық мекемелерде зардап шеккен қазақстандықтармен кездесті, - делінген СІМ тақартқан ақпаратта.
Ал 12 қазақстандықтың екеуінің жағдайы орташа, оларға операция жасалды. Сондай-ақ оларға қажетті медициналық көмек көрсетіледі. Қалған 10 адамның, оның ішінде 4 баланың жағдайын дәрігерлер қалыпты деп бағалаған. Айта кетейік, барлығының медициналық сақтандыруы бар.
Сондай-ақ Анталиядағы қазақстандық дипломаттар азаматтармен тұрақты байланыста және тиісті жұмыс жүргізіп жатыр.