×

Елімізде электронды құжаттар қағаз түріндегі баламасымен теңестіріледі

Цифрлық құжат пайдаланатын қазақстандықтар саны артқан

 Айнұр Шошаева 04.05.2022 | 10:55
фото: ашық дереккөзден

Қазақстанда электрондық құжаттарды қағаз түріндегі баламасымен тең дәрежелі етіп заңдастыру, цифрлық құжаттардың қолданылу аясын кеңейту көзделіп отыр. Бұл туралы бүгін мәжілістің жалпы отырысында цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, елімізде цифрлық құжаттарды өз қажеттілігіне жаратып, белсенді пайдаланып жатқан азаматтар қатары жыл сайын артып келеді. 

Мысалы, былтыр цифрлық құжаттарды 32 млн рет пайдаланса, 2020 жылы небары 3,6 млн рет қолданған. Заң жобасында электрондық құжаттарды қағаз түріндегі баламасымен тең дәрежелі етіп заңдастыру, электрондық құжаттарды толыққанды қолдануға кедергі келтіретін заңдардағы қайшылықтар мен әртүрлі оқылымды алып тастау әрі цифрлық құжаттардың қолданылу аясын кеңейту жоспарланған, – деді Мусин Қазақстанның «Кейбір заңнамалық актілерге инновацияларды ынталандыру, цифрландыруды және ақпараттық қауіпсіздікті дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстыру кезінде. 

Бұған қоса министр заң жобасында азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу жөніндегі куәліктерді (туу, неке қию, некені бұзу туралы куәліктер әрі басқалар) электрондық форматқа ауыстыру қарастырылғанын атап өтті. 

«Бұл азаматтар үшін ыңғайлы болмақ. Өйткені мекемелерге бару міндетінен босатылады. Қазақстандықтар кез-келген уақытта құжатты басып шығара алады немесе QR-коды бар электрондық нұсқасын ұсына алады. Бұның үстіне құжатты жоғалтып алса, телнұсқа жасату қажет емес. Азамат өзі қаласа немесе шетелге кеткен жағдайда құжатты қағазға басып шығара алатын болады», – деп толықтырды ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама