Астанада мұқтаж жастарға оқу ақысын төлеуге көмек беріледі

Дастан Жұмабекұлы

Көмекті көпбалалы отбасылардан шыққан және әлеуметтік жағынан аз қамтылған адамдар алады

Фото: ашық дереккөз

Астанада әлеуметтік жағынан аз қамтылған жастарға оқу ақысын төлеуге көмек беріледі. Бұл туралы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Таласова айтты. 

1 шілдеден 21 тамызға дейін Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы қаланың жоғары оқу орындарында күндізгі оқу ақысын төлеу жөнінде әлеуметтік көмек көрсету үшін құжаттар қабылдап жатыр. Қаланың жоғары оқу орындарында оқу ақысын төлеуге әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табысы 4 ең төменгі күнкөріс деңгейінен (213 240 тг) аспайтын ақшалай төлемдер түрінде ұсынылады, – деді Айгүл Таласова.

Оның айтуынша, көмек Астана қаласының жалпы білім беретін мектептерінің мынадай санаттағы түлектеріне көрсетіледі:

- жетім балалар;
- балалар үйінің түлектері;
- бала кезінен мүгедектігі бар адамдар;
- ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
- көпбалалы отбасылардан шыққан балалар (оның ішінде биыл үлкен баласы кәмелетке толған кезде білім беру ұйымдарына күндізгі оқу нысанына түскенге дейін).

Сонымен бірге ол тестілеу кезінде қажетті ең төменгі балл жинамаған жалпы білім беретін мектептердің түлектеріне әлеуметтік көмек тағайындалмайтынын ескертті.

Оның сөзіне қарағанда, қаржылық қолдау елорданың еңбек нарығында неғұрлым сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқыту үшін ұсынылады.

Медициналық, педагогикалық және техникалық мамандықтарға басымдық беріледі. Сонымен, оқыту жалпы медицина, әлеуметтік жұмыс, сәулет (BIM-менеджер жобалаушы), электр энергетикасы, дене шынықтыру және спорт, психология, есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету (бағдарламашы), дизайн, ақпараттық жүйелер, азық-түлік өнімдерінің технологиясы, газ жабдықтарына қызмет көрсету инженері, информатика, тасымалдауды ұйымдастыру, қозғалыс және көлікті пайдалану, биотехнология, бастауыш сынып оқушыларын оқыту педагогикасы мен әдістемесі, мектепке дейінгі оқыту, математика, химия, биология мұғалімі және басқа да мамандықтарға назар аударылады.

Әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші жеке басын куәландыратын құжатты, жиынтық табысты есептеу қағидаларына сәйкес адамның (отбасы мүшелерінің) табыстары туралы мәліметтерді,  ата-анасының қайтыс болуы туралы куәліктің көшірмесін (жетім балалар үшін), көпбалалы отбасының мәртебесін растайтын құжаттың көшірмесін (көпбалалы отбасылардан шыққан балалар үшін), туу туралы куәліктің көшірмесі (жетім балалар үшін), Астана қаласының орта мектебін бітіргені туралы аттестатты, ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижелері бойынша берілген мемлекеттік сертификат пен Екінші деңгейдегі банктегі не «Қазпошта» акционерлік қоғамындағы банктік шоттың нөмірі туралы мәліметтерді тапсыру керек, - деді ол.

Сұрақтар бойынша Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына Бейбітшілік көшесі, 9 мекенжайы бойынша хабарласуға болады.

Анықтама телефондары:

Алматы ауданы: 55-01-74, 8 702 837 50 05;
Байқоңыр ауданы: 55-72-32, 8 771 830 32 78;
Есіл ауданы: 55-74-50, 8 705 427 92 40;
Сарыарқа ауданы: 55-14-87, 8 701 621 62 99, 8702-546-86-95.