Шымкенттік медбике жұмысынан шығып, есірткі тасымалдаумен айналысқан

Еркеғали Болатұлы

Оның көлігінен 20 реттік дозадағы синтетикалық есірткі мен шағын орамдағы гашиш табылды

фото: ашық дереккөз

Шымкентте Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел іс-шаралар барысында қала аумағында психотроптық заттарды тасымалдаумен айналысқан қызды ұстады.

Ол полицейлерді байқап қалып, есірткі пакетін тоқтап тұрған көлігінің астына лақтырып жіберген.

Жедел қызметкерлер лақтырған затты тауып, буманың ішінен 20 реттік дозадағы синтетикалық есірткіні тапты. Сонымен қатар, қыздың көлігінің салонынан тағы бір шағын орам гашиш табылды. Ал көліктің еденіндегі кілемнің астынан есірткіні жасыру кезінде қазуға арналған жиналмалы пышақ шықты, – делінген полиция хабарламасында.

Тергеушілер аталған фактіні ҚР ҚК-нің «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу, жөнелту немесе өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау» бабы бойынша тіркеді.

Құқық қорғау қызметкерлері қыздың медбикелік қызметінен жақында ғана кеткенін анықтады. Қазір ол қамауда отыр.