Астананың тұрғыны таныстарын миллиондаған ақшаға алдаған
Күдікті қаражаттың бәрін жұмсап үлгеріпті
Астана қаласының тұрғыны өзінің таныстарын ақшаға алдағаны анықталды. Ол Біріккен Араб Әмірліктерінен телефон сататын дүкен ашуды ұсынып, адамдардың ақшасын алған.
Polisia.kz-тің хабарлауынша, қазіргі уақытта полицияға оннан астам адам алданғаны туралы арыз жазған. Бірақ алаяқтан зардап шеккендер одан да көп болуы мүмкін.
Астаналық кәсіпкер таныстарының сенімін пайдаланып, БАӘ-ден телефон сататын дүкен ашамыз деп млн-нан астам теңгені алған. Мәселен, Сарыарқа ауданының полиция басқармасына арыз жазған қала тұрғыны алаяқтың кесірінен 6,4 млн теңгесінен айырылғанын айтқан, – делінген хабарламада.
Қазір аталған фактіге қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық істің фигуранты 22 жастағы жігіт болып шықты. Ол қылмыс жасағанын мойындады. Оның Астанада бұрын жасалған қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.