Ерболат Досаев отставкасы туралы сұраққа жауап берді
Әкімнің айтуынша, петицияға қол қойған 57 мың адамның аты-жөні мен ЖСН-і көрсетілмеген
Алматы әкімі Ерболат Досаев шаһар басшысының отставкаға кетуін талап еткен петицияға қатысты сұраққа жауап берді.
Мегаполис басшысымен кездесуде қала тұрғындарының бірі 57 мың алматылықтың Ерболат Досаевтың отставкаға кетуін қолдап петицияға қол қойғанын айтып, пікірін білді.
Алматыда 2 миллионнан астам адам тұратынын айтқан әкім петицияға қол қойған 57 мың адамның аты-жөні мен ЖСН-і көрсетілмегенін жеткізді.
«Петицияны қарап шықтым, қол қойғандардың ішінде ЖСН, тегін көрсетпегендер де бар. Мен көтерілген мәселелерді қадағалаймын, уәде беріп қана қоймай, үлкен жұмыс атқарамыз. Қала - бұл тірі механизм, күнде бір нәрсе болады. Әкім ретінде сіздің пікіріңіз мен үшін маңызды. Бірақ мені бұл қызметке Мемлекет басшысы тағайындады, шешімді де ол кісі қабылдайды», - деді Алматы әкімі.