×

Утилизация алымы: Оралдағы зейнеткер Ресейден әкелген жаңа көлігінің құжатын ресімдей алмай жүр

Зейнеткердің көлігінің шаң басып тұрғанына екі айдан асты

 Халық үні 03.05.2022 | 18:13
Талап Жүсіпқалиев, зейнеткер

23 ақпанда Үкімет утилизациялық алымның жаңа мөлшерін жариялады. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың айтуынша, барлық көлік түрі мен ауыр шаруашылығы техникасы үшін утилизация алымы 50 пайызға төмендейді.

Үкіметтің осы мәлімдемесінен кейін Орал қаласының тұрғыны Талап Жүсіпқалиев Ресейден жаңа автокөлік сатып алып келген.

«Наурыздан бастап құжатын ресімдейтініме сенімді болдым. Бірақ индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары Марат Қарабаев 1 мамырға дейін нормативтік құжаттардағы өзгерістерді енгізетінін айтып, Скляр айтқан мерзімді тағы бір айға созды. «Бірақ сәуір айының соңына дейін заңнаманы өзгертеміз» деді бір сұқбатында. Ресейден көлік алған себебіміз - Үкімет мүшелері айтқандай утилизация алымы 50 пайызға кемігенде LADA GRANTA көлігі Ресейде Қазақстаннан 1,5 млн теңгеге арзан түседі. Наурыздан бері заңнамадағы өзгерістерді күтіп жаңа көлікті ресімдей алмай отырмыз. Аталған көлікті ресімдеу үшін қазіргі уақытта утилизация алымының көлемі – 1 072 000 теңге. Уәде етілгендей 50 пайыз азайса, бұл сомма зейнеткер адам үшін қомақты қаржы. Өкінішке қарай, мамыр айы басталса да Үкіметтен нақты шешім жоқ, - дейді оралдық зейнеткер Талап Жүсіпқалиев.

Сондай-ақ Роман Скляр «Жасыл даму» АҚ есепшотындағы 200 млрд теңгеден астам бос қалдық халықтың игілігі үшін жұмсалуға тиіс деп мәлімдеген болатын.

«100 млрд теңге Қазақстанда құрастырылған көліктерді жеңілдетілген бағамен сатып алу үшін автонесие ретінде беріледі. Шарты мынадай: жылдық мөлшерлемесі 4% және бастапқы жар­на 0 пайыз. Бастапқы жарнасы 20 пайыз, жылдық мөлшерлемесі 4 пайызбен 7 жылға берілетін қазіргі қолданыстағы бағдарламадан айырмашылығы осында. Осылайша, біздің 71 мың азаматымыз қолжетімді бағаға және қолжетімді несиелік ресурстарға жаңа көлік сатып ала алады, - деп еді Р.Скляр.

Уәде етілген автокредит бағдарламасы әлі іске қосылмады. Ал көлік бағасы күн сайын шарықтап барады.

Қостанайда құрастырылған LADA GRANTA ақпан айында 5,3 млн теңге болса, қазір 6,3 млн теңгеден басталады. Бұл – нарықтағы шынайы баға. Ал ресми статистикада былтырғыдан да арзандатып көрсетуде. Мәселен, Kolesa.kz порталы 30 сәуірдегі жариялаған шолу мақаласында LADA GRANTA қаңтар айында 3,7 млн теңге болды, қазір 1 млн-ға қымбаттап 4,7 млн теңге тұрады деп жазады.

Ресейде кей көліктердің бағасы Қазақстанмен салыстырғанда 25% арзан болған. Талап Жүсіпқалиевтің көлікті Ресейден алған себебі де сол. Зейнеткердің маңдай терімен жиған ақшасына алған көлігі ауласында шаң басып тұр. Утилизация алымы төленбесе көлік тіркелмейді. Және мұндай жағдайға тап болған адам тек Талап қана емес...

Нұрлыбек Рахман, Батыс Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама