Бейжің Олимпиадасының жүлдегері әкімдік уәде еткен пәтерді ала алмай жүр (ВИДЕО)

Дастан Жұмабекұлы

 Қола медаль үшін қомақты қаржылай сыйлықтары табыс етіліп, тіпті пәтер кілтін де берген, - дейді Еркебұлан Шынәлиев

Фото: ашық дереккөз

Белгілі боксшы, Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері Еркебұлан Шынәлиев 31 арнаның «Информбюро» бағдарламасының редакциясына бейнеүндеу жолдап, 15 жылдан бері Шымкенттен қала әкімдігі уәде еткен пәтерді ала алмай жүргенін айтты.

Ол сонымен бірге өзіне тиесілі баспана берілмесе, құзырлы органдарға шағымданатынын да ескертті. Ал қала әкімдігі болса, спортшыға пәтер сыйлауға уәде бермегенін айтып отыр.

Боксшының айтуынша, Бейжің Олимпиадасынан оралған кезде оған қола медаль үшін қомақты қаржылай сыйлықтарын табыс етіп, тіпті пәтер кілтін де берген. Сол кезде болашақ баспанасының қайда орналасқанын да көрсетіпті. Ол пәтер Шымкенттегі «Нұр сәт» шағын ауданында орналасатын болыпты. Алайда боксшының сөзіне қарағанда, кейін әкімдіктегілер өз сөздерінен айнып қалған.

Құрылыстың құжаты дұрыс болмай жатыр деді.  Сөйтіп, күтіп жүрдік. Кейін әкімдік 1,5 млн теңге беріп, осыған енді пәтер аласың деп құтылды ғой. Ол кезде Оңтүстік Қазақстан облысына қарайтын Шымкент қаласының әкімі Арман Жетпісбаев деген жігіт еді, – деді Олимпиаданың қола жүлдегері.

Айтуынша, қазір спортшының басында баспанасы жоқ әрі 6 жылдан бері жұмыссыз отыр екен.

Қайда жұмыс сұрап барсам да кезінде айқара ашылған есіктердің бәрі алдымнан тарс етіп жабылған, – деді ол.

Шымкент қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы Еркебұлан Шынәлиевпен үнемі байланыста екенін, жұмысқа орналастыру жағын қарастыратынын хабарлады. Бірақ әкімдіктің спортшыға баспана алып бере алмайтынын ескертті.

Шымкент қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бауыржан Тұманбаевтың айтуынша, еш жерде боксшыға елдің көзінше баспана берілді деген әңгіме болмаған.

Мен ол туралы Еркебұланның өзімен де сөйлестім. Ондай әңгіме болмаған. Үй берді деген. Үй береміз деп айтқан. Оның кім айтқанын ешкім білмейді. Демеушілер тарапынан болды ма, ол жағын мен білмедім, - деді басқарма басшысы.

Ал Мәдениет және спорт министрлігі өкілдерінің айтуынша, Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлеріне пәтер беру туралы заң былтыр ғана бекітілген. Сондықтан 15 жыл бұрын болған жағдайдың өтірік-шынын ажырату қиын. Бірақ жаттықтырушылық жұмыспен айналысуға ешкім кедергі келтірмейді.