×

Алматы әкімінің Зеленский санкция салған ресейлік дизайнермен не үшін кездескені белгілі болды

Ресейлік дизайнер 9 сәуірде Ерболат Досаевпен кездесті

 Айнұр Шошаева 03.05.2022 | 17:31
скриншот: әлеуметтік желі

Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі Halyq Uni тілшісінің ресми сауалына жауап беріп, қала басшысы Ерболат Досаевтың Украина президенті Владимир Зеленский санкция салған ресейлік дизайнер Артемий Лебедевпен не үшін кездескенін түсіндірді.

Бұған дейін Алматы әкімі Ерболат Досаев пен ресейлік дизайнер Артемий Лебедевтің кездескені туралы жазған едік.

9 сәуірде ресейлік дизайнер Артемий Лебедев әлеуметтік желідегі парақшасында Алматы әкімімен түскен фотосуретін жариялап, «Алма-Ата әкімі Ерболат Досаевпен таныстық», деген пікір қалдырды. Оқырмандар дизайнерге ескерту жасап, оның жазбасына қала атауы қате жазылғаны (Алма-Ата) туралы жаппай пікір қалдыра бастады.

11 сәуірде Алматы әкімінің баспасөз қызметіне әкім мен дизайнердің не үшін кездескенін сұрап, сауал жолдадық. 3 сәуір күні әкімдіктің баспасөз қызметі сауалымызға бір сөйлеммен жауап берді.

Артемий Лебедевпен кездесу дизайн саласында шетелдік тәжірибені зерттеу мақсатында өтті, - делінген жауапта.

Айта кетейік, 9 сәуір күні «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ басқармасының төрағасы Андрей Шовкопляс дизайнермен бірге түскен суретін жариялап, Алматының дизайн-коды және т.б. қызықты мәселені талқылағанын жазған болатын. Алайда кейін ол әлеуметтік желідегі жазбасын өшіріп тастады.

Артемий Лебедев 2014 жылдан бері Ресей-Украина арасындағы қақтығыс туралы фейк ақпараттарды таратып келеді. Бұған қоса, дизайнер Ресейдің Украинаға басқыншылығын қолдап пікір білдірді. Сол жағдайдан кейін Украина президенті Владимир Зеленский ресейлік дизайнерге санкция салды. Бұған қоса дизайнердің компаниясына тиесілі өнімдердің Украина жерінде сатылуына тыйым салынды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама