Еліміздің өндірістік аймақтарында жарақат алып жатқан жұмысшылар азаяр емес
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің мәліметіне қарағанда, биыл екінші тоқсанның қорытындысы бойынша өндірістегі жазатайым оқиғалардан 640 жұмысшы зардап шегіп, оның 69-ы қаза тапқан. Бұл – өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда, 4% аз көрсеткіш.
Еліміздің өндірістік аймақтарында жарақат алып жатқан жұмысшылар азаяр емес. Мәселен, Қарағанды облысында – 79, ШҚО-да – 53, Абай облысында – 50, Павлодар облысында – 46, Қостанай облысында – 44, Ақтөбе облысында – 40 адам зардап шеккен. Сондай-ақ Алматы қаласында 50 адам жарақат алған.
Экономиканың салалары бойынша ең көп зардап шеккендер тау-кен металлургия кешенінің өнеркәсіптерінде тіркелген. Мұнда жұмысшылардың 21,8%-ы, ал құрылыс саласында құрылысшылардың 10,6%-ы жазатайым оқиғадан зардап шеккен.
Жазатайым оқиға негізгінен абайсызда болып жатады. Қолда бар дерекке қарағанда, жұмысшылардың 33,3%-ы – сол абайсызда жарақат алғандар. Сосын жазатайым оқиға өндірістегі жұмыстың тиісті деңгейде ұйымдастырылмауынан да (27,1%) болады. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау (9,3%), жол қозғалысы ережелерін бұзу (8,4%) сияқты нәрседен де адам зардап шегеді деген дерек бар.