Павлодарда Ақсу тұрғынын 22 млн теңгеге бопсалаған топ ұсталды (ВИДЕО)
Күдіктілер жасырынуға тырысып, полиция қызметкерін көлікпен қағып кеткен
Павлодар облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Ақсу қаласының тұрғынын 22 млн теңгеге бопсалаған топты ұстады. Олар оны соңғы 2 жылдан бері бопсалап келген. Ақша бермеген жағдайда әлеуметік желі, интернет арқылы ар-намыс пен қадір-қасиетке нұқсан келтіретін бейнежазбаларды таратып жібереміз деп қорқытқан.
Содан кейін жәбірленуші екі жылда 22 млн теңгесін санап беріп, енді ақша бітуге жақын қалғанда полицияға өзін бір топ адамның 2021 жылдан бері бопсалап келе жатқанын айтқан. Полиция арыз бойынша «Арлан» арнайы бөлімшесінің қызметкерлерімен бірге бопсалаушылардың соңына түсіп, оларды аңдып, алаяқтарды жәбірленушімен кезекті рет кездесіп жатқан кезінде ұстады.
Сөйтіп, кезекті ақшалай қаражатты беру кезінде Павлодар қаласының 3 тұрғыны қорқыту арқылы ақша бопсалады деген күдікпен ұсталды. Ұсталған кезде облыс орталығының тұрғындары тәртіп сақшыларына қарсылық көрсеткен. Жасырынуға тырысып, полиция қызметкерін көлікпен қағып кеткен.
Павлодар облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Ғабит Қабдрахмановтың айтуынша, қазір күдіктілердің бәрі ұсталған. Олар қамауға алынды. Ұсталғандардың бірі бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Осы факт бойынша ҚР ҚК-нің 194-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.