Атырау облысында балалар қылмысы 48%-ға өскен

Динара Амантай

Ювеналды қызметтердің жұмысын ұйымдастыруды қайта қарау ұсынылды

Фото: Halyq Uni

Атырау облысында балалар қылмысы 48%-ға өскен. Бұл туралы облыс прокуроры Бауыржан Жұмақанов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ведомствода заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмыскерлікке қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Іс-шарада құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдардың қылмыстың алдын алу бойынша өзара іс-қимылының тиімділігі, оларды шешу жолдары талқыланды. Сондай-ақ 1-ші жартыжылдықтағы жалпы қылмыс 5%-ға өсумен сипатталатыны айтылды. Оның ішінде кісі өлтіру 55%-ға, ЖКО 35%-ға, бұзақылық 32%-ға, алаяқтық 27%-ға, интернет-алаяқтық 44%-ға өскен.

Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне назар аудара отырып, қадағалау ведомствосының басшысы ювеналды қызметтердің жұмысын ұйымдастыруды қайта қарауды ұсынды.

Балалар қылмысы 48%-ға өсті. Бұл – алаңдатарлық факт. Балалар – бұл біздің болашағымыз. Олар өсетін орта тек ата-аналардың ғана емес, сонымен қатар мемлекеттің, әсіресе білім беру, денсаулық сақтау және полиция органдарының назарында болуы керек. Күн сайын жол-көлік оқиғалары болып жатыр. Жолдардағы өлім-жітім 35%-ға өсті, ал дене жарақатын алғандар саны 7%-ға өсті. Сондықтан полицияға патрульдеуді күшейтуі керек, – деді прокурор.

Үйлестіру кеңесінің заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтудағы маңызды рөлін атап өтіп, облыс прокуроры тиісті органдарға алкогольді заңсыз сатумен, есірткі құралдарының заңсыз айналымымен күресті жандандыруды, балалар мен жасөспірімдердің өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты күшейтуді, өңірдегі криминогендік жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік беретін жұмысты жаңа форматқа ауыстыруды тапсырды.

Бүгінгі шындық формальдылықтан бас тартып, нақты нәтижелерге қол жеткізуге баса назар аудара отырып, профилактикаға түбегейлі көзқарасты талап етеді, – деп қорытындылады Үйлестіру кеңесінің төрағасы.