Мамандар жол сапасына әсер ететін басты факторларды атады
Орал қаласына жол саласы мамандарының біліктілігін арттыруға арнайы келген Жол активтері ұлттық сапа орталығының ведомстволық сараптама бөлімінің басшысы Бейбіт Иманғалиев Қазақстанда жол сапасына әсер ететін факторларды атады.
«Жол саласында жүргізілген сараптама нәтижесі жергілікті атқарушы органдарда, атап айтқанда ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдеріндегі мамандардың тек 10%-ға жуығында жол саласына қатысты дипломы барын көрсетті. Бұл өте өзекті мәселе. Себебі бұл мамандар ПИК жұмысына, жол құрылысына және басқа да әлеуметтік мәселелерге жауап береді», - дейді Бейбіт Иманғалиев.
Елдегі ең нашар жолдар БҚО-да. Бұл мәселеге еліміздің премьер-министрі Әлихан Смайылов назар аударып, өңір басшысына құрылыс қарқынын жеделдетуді тапсырды.
Halyq Uni тілшісі сала маманынан неліктен елдегі, әсіресе Батыс Қазақстан облысындағы жолдардың асфальт төсемі қыстан кейін өте сапасыз күйге түсетінін сұрады.
«Жобалық-сметалық құжаттамада кемшіліктер бар. Оған қоса жобалау-іздестіру жұмыстары дұрыс жүргізілмейді, жер бедері зерттелмейді. Бұл кемшіліктер жолдардың сапасына әсер етеді. Техникалық қадағалау мамандарын объектіде тұрақты бақылау жүргізу үшін тапсырыс берушілер арнайы жалдайды. Ал қадағалау мамандары өз міндеттерін толық орындамай жатады. Мысалы, нысанға бір-екі сарапшы қойылады, ал тендерде он нысанды жеңіп алды. Тапсырыс беруші тарапынан қатаң бақылау болуы керек. Өткен жылы техникалық қадағалаудың үш сарапшысы аттестаттан айырылды, ал басқаларына 3 миллион теңгеге айыппұл салынды, - деді аталмыш орталықтың БҚО филиал директоры Зәурбек Қыпшақбаев.
Ұлттық сапа орталығы жолдарды орташа жөндеу кезінде сметалық құжаттарын тексереді. Жобаға жасаған сараптама қорытындысы негізінде жергілікті не жауапты орган мемтапсырыс негізінде конкурс жариялайды. Тек құжатын тексеріп қоймайды, орталықтың он жеті филиалында зертхана бар. Тапсырыспен жолдың қажет учаскесіне зерттеу жүргізеді. Асфальт құрамын, одан да төменгі қабаттарын тексеріп, тәжірибе жасайды. Дайын жолды да арнайы жарақтандырылған көлік арқылы толық сараптамадан өткізеді. Көлік – көшпелі зертхана, толық автоматтандырылған.
Ұлттық сапа орталығы мамандары жол құрылысы мен сапасы жағынан Қазақстан дамыған елдерден ондаған жылға артта қалып отырғанын атап өтті.
«Жолдың нормативтік уақыты болады. Сол уақыты өткен соң асфальттың беткі қабаты қайтадан ауыстырылуы керек. Төменгі қабаттары шыдауға тиіс. Беткі қабаты дер кезінде жөнделмесе, жол жарамсыз болады. Біздің климатымызда асфальт жабыны 5 жылға есептелген. Себебі, қыта өте суық, жазда тым ыстық. Басқа аймақтардағы климат асфальттың ұзақ сақталуына мүмкіндік береді, - дейді Жол активтері ұлттық сапа орталығының ведомстволық сараптама бөлімінің басшысы Бейбіт Иманғалиев.
Бейбіт Иманғалиев БҚО-дағы жолдардың күрделі жөндеуден соң да көп ұзаққа шыдамауының себебін жөндеу жұмыстарының сапасыз атқарылуынан көреді.
Жол мемлекеттік тапсырыс, яғни тендер арқылы жөнделеді. Мемтапсырыста қай мердігер ең төмен баға ұсынса, сол тендерді ұтып алатыны белгілі. Бағаны 30-40 пайызға дейін түсірген соң жөндеу құны, онымен бірге сапа да төмендейді, - дейді ол.
Тапсырыс беруші мен тұрғындардың мердігердің жұмысына көңілі толмаса, орталық мамандарын шақырып сараптама жасатуына мүмкіндігі бар. Жолды қайтадан жөндеткен жағдайлар да кездесіп тұрады екен. Былтыр Ұлттық сапа орталығы еліміздің жолдарында 12 мыңға жуық тексеру жүргізіп, 5800-ден астам кемшілікті анықтаған.
БҚО-да автомобиль жолдарының сапасын жақсарту және білікті кадрлардың жетіспеушілігі проблемасын шешу үшін Жол активтері сапасының ұлттық орталығы мен БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасымен бірлесіп Орал қаласының және аудандардың ТҮКШ бөлімдерінің, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері үшін оқыту семинарын өткізді. Семинарда автожол жобаларының сапасын бақылау, автомобиль жолдарын диагностикалау және паспорттау, автомобиль жолдары қауіпсіздігіне мониторинг жүргізу, ведомстволық порталмен, техникалық қадағалаудың функциялары мен міндеттері, нормативтік құжаттармен жұмыс жолдары үйретілді. Көлікке орнатылған көшпелі зертхананың жұмысымен таныстырды. Семинар жол жайлы ақпарат әзірлейтін журналистерге де өте пайдалы болды.
Нұрлыбек Рахман, Батыс Қазақстан облысы