СҚО-да ер адам 20 метр биіктіктен секірмек болды
Полицейлер қайғылы жағдайдың алдын алды
Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер 20 метр биіктіктен секірмек болған ер адамды құтқарып қалды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, бірер күн бұрын, сағат 15:00 шамасында СҚО Аққайың аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне Смирново ауылында ер адамның су мұнарасының басында тұрғаны туралы хабарлама түскен. Дабыл белгісі бойынша оқиға орнына полиция, ТЖ бөлімі, прокуратура, медицина қызметкерлері барды.
Жергілікті 44 жастағы тұрғын 20 метр биіктіктен секіремін деп қорқытқан. Сол жерде онымен аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Руслан Байжанов келіссөз жүргізді. Содан кейін мұнараның төбесіне ЖПҚ бөлімшесінің бастығы Александр Лизун көтерілді.
Ауыл тұрғынының эмоционалды жағдайын ескере отырып, басты міндет оны секіруден сақтау болды. Ұзақ уақыт бойы онымен сөйлесіп, тыныштандыруға тырыстым. Сәтті жағдай пайда болған кезде қолынан ұстап, төмен жаққа түсуге көндірдім. Баспалдақта полиция бастығының орынбасары Николай Попов күтіп тұрды. Түсу кезінде ол ер адамды сақтандырып тұрды, – деді Александр Лизун.
Құқық қорғау органдары қызметкерлері мен дәрігерлердің сауатты бірлескен іс-қимылдарының арқасында қайғылы жағдайдың алды алынды. Қазір ер адаммен психолог жұмыс істеп жатыр.