Астанада 1 500-ден астам заңсыз жарнама мен баннер алынып тасталды

Дастан Жұмабекұлы

Апта сайын үй-жайлардың иелерімен кездесулер болып, түсіндіру жұмысы жүргізіледі

фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанада қала келбетін дизайн-кодқа сәйкестендіру жұмысы жалғасып жатыр. Қазір заңсыз ілінген 1 500-ден аса маңдайша мен жарнама баннері алынып тасталды. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.

Әкімдіктің хабарлауынша, заңсыз ілінген маңдайша мен жарнама баннерінің алынып тасталуына 2019 жылы желтоқсан айында қала мәслихатында бекітілген дизайн-код негіз болған. Алайда пандемия басталып, жұмыс кейінге шегерілген. Биыл заңсыз ілінген жарнама мен баннерді алып тастау жұмысы қайта қолға алынды. Бұл жұмыс «Астана-Жарнама» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне жүктелді. Қазір ғимараттардың немесе құрылыстардың қасбетіне маңдайшаларды орналастыру тұжырымдамасы әзірленді. Онда бизнес өкілдеріне елорданың сәулеттік сәнін бір стильге келтірудің үлгісі көрсетілген. Урбанистика орталығы мен әкімдік қызметкерлері әр ауданның кәсіпкерлерімен кездесу ұйымдастырып, тұжырымдаманы талқылады.

«Астана-Жарнама» МКМ басшысы Асылбек Төлемісұлының айтуынша, маңдайшалар қасбеттің негізгі фризінен ерекшеленетін фонсыз (субстратсыз) болуы керек. Негізгі жазу фриз биіктігінің 70%-ынан аспауға тиіс. Барлық белгілер қасбеттің бір сызығында болуы керек және қажет болған жағдайда қасбеттің стиліне бейімделуге тиіс. Белгілерде монохромды және үнсіз түстерді қолданған жөн. Белгілі бір жағдайларда, белгінің техникалық күрделілігі ретінде фриздің түсіне немесе құрылымына ұқсас фондық субстратқа рұқсат етіледі. Бұл жағдайда фриз немесе қасбет бөлігі бастапқыда жіксіз болуы керек. Маңдайшаларды жалпы симметрияны, қасбеттің визуалды қабылдауының тұтастығын бұзбайтындай етіп орналастыру қажет. Белгі ғимараттың архитектуралық элементтерімен қабаттаспағаны жөн.

Қазір «Астана-Жарнама» МКМ мамандары жұмыс тәртібін бекіткен. Тәртіп бойынша әуелі мүлік иелерінің бірлестігіне ескерту жасалады. Олар өз кезегінде шағын және орта бизнес өкілдеріне хабарлама таратады. Егерде кәсіпкер маңдайшаны немесе жарнаманы шеше алмаса, аудандық әкімдіктің жұмысшылары жіберіледі.

Бірінші кезектегі жұмыс елорданың орталық көшелерінен, атап айтқанда Бауыржан Момышұлы даңғылынан, №2 үйден, Республика даңғылынан, №5 үйден басталды. Апта сайын үй-жайлардың иелерімен бейберекет орналастырылған жарнаманы ауыстыру жайында кездесулер болып, түсіндіру жұмысы жүргізілуде, –  деді «Астана-Жарнама» МКМ басшысы.

Оның айтуынша, мысалы «Көркем» тұрғын үй кешенінің қасбеті жылдам ретке келтірілді. Өйткені кәсіпкерлер бір ауыздан қолдау білдірген. Дәл сол сияқты Алматы көшесінің бойындағы «Айсанам» және «Ақжайық» тұрғын үй кешендерінің сырты келбеті де көз тартады.