Қазақстандық докторанттарға қойылатын талаптар бойынша бірқатар ұсыныс талқыланды
Кей пәндерді меңгеру үшін біліктілік емтиханын өткізу ұсынылып отыр
Білім және ғылым министрлігінде жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бойынша кейбір мәселелер талқыланды.
Докторанттарға Қазақстан тарихы, қазақ философиясы, Қазақ тілі мен әдебиеті сияқты гуманитарлық бейіндегі бірқатар бағыттың ерекшелігін ескере отырып, қолданыстағы талаптарға (WоS және Scopus тізбесіне кіретін басылымдарда мақалалар жариялау) бірнеше балама нұсқаларды қосу ұсынылды.
Атап айтқанда:
- КОКСОН тізіміне енгізілген журналдарда 5 мақала және ғылыми конференциялардан 2 материал;
- Сенімді баспаларда монография шығару (Elsevier, Brill, CRC Press, DeGruyter, Edward Elgar Publishing, Springer Nature және басқалары), сондай-ақ US News Best Global Universities Rankings, Academic Ranking of World Universities немесе Times Higher Education World University рейтингінің топ-100 құрамына кіретін университеттерде.
Еске салайық, былтыр КОКСОН тізіміне енгізілген ғылыми журналдарға қойылатын талаптар едәуір күшейтілді және тізімнен әлсіз журналдар алынып, ескі тізім толығымен жаңартылды.
Сондай-ақ, WoS және Scopus тізіміне енгізілген және санкцияға байланысты деректер қорынан жойылған ғылыми журналдарда гранттық қаржыландыру аясында жарияланған қазақстандық ғалымдардың мақалаларын, егер бұл мақалалар бұған дейін жариялануға қабылданған болса, оларды тану мүмкіндігі талқыланды.
Бұдан бөлек, енгізу мерзімі кейінге шегеріле отырып, (2023 жылдан бастап) мынадай шаралар ұсынылды:
- Докторантураға түсу кезінде үміткерлерге өздерінің болашақ диссертациясының ғылыми негіздемесін (research proposal) ұсыну.
- Докторанттардың зерттеу құзыреттілігі бойынша. Бұған дейін біз докторанттардың «Академиялық хат», «Ғылыми зерттеу әдістері» пәндерін міндетті түрде оқуын енгіздік. Бұл құзыреттер кез келген докторантқа ғылыми зерттеулерді өз бетінше орындау үшін қажет. Осы пәндерді меңгеру үшін біліктілік емтиханын өткізу ұсынылады.
Ғылыми басшылық бойынша:
Бір ғылыми жетекшіге 15 докторант, кейін біріншісі қорғаудан өте алмаған жағдайда тағы бесеуін бекіту тәжірибесі дұрыс емес. Бүгінгі таңда ғылыми жетекшілер көп жағдайда докторанттармен жұмыс істеуге жеткілікті көңіл мен уақыт бөлмейді. Бұл мәселені шешу үшін жүйелі шаралар қажет.
Осы ұсыныстар бойынша қосымша сараптама мен талқылаудан өткізгеннен кейін нақты шешім қабылданады.