Қымбат көліктің иесі жолда жедел жәрдем жүргізушісіне қол ала жүгірген (ВИДЕО)
Заңгер оқиғаны Түркістан облысы прокуратурасынан бақылауға алуды талап етті
Әлеуметтік желіде Түркістан облысында қымбат көлік иесінің жолдың дәл ортасында жедел жәрдем жүргізушісіне қол ала жүгірген видеосы тарап жатыр. Бұл видеоны белгілі заңгер Айгүл Орынбек Facebook-те жариялады.
Видеодан Volkswagen көлігі жүргізушісінің жолдың дәл ортасында, тапа-тал түсте жедел жәрдем қызметінің өкілімен төбелесіп жатқанын көруге болады. Заңгер осы оқиғаға қатысты Түркістан облысы прокуратурасынан жауап күтетінін де жазған.
Ақшаң болса қалтаңда, сыра ішіп, көлік басқарып, талтаңда! Қараға жүретін заң ханға жүрмейтінінің тағы бір дәлелі! Бәрінің көзінше полиция қызметкерінің қолын алып, көлік басқарып кетіп қалу – ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ ШЕГІ! Қызметте жүрген дәрігерлерді ұрып-соғып, ішіп алып көлік басқарғаны үшін полиция қызметкерлері жәй ғана жібере салғанын, Мұрат Қабденов мырза, қалай түсіндіресіз? Антикор Түркістан, ОЯНАМЫЗ! Облыстық прокуратура, ұйықтамай, бақылауға аламыз! Қандай шара қаралды, ресми ақпарат күтем! – деді ол.
Әзірге облыстық прокуратурадан ресми түрде жауап келген жоқ.